CaspianLife, 31 қазан — Атыраулық көпбалалы аналар кәсіптік курстардан өтуде. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы «Әрекет» жобасын бастады.
Жоба аясында жалғызбасты, көпбалалы аналар, жұмыссыз әйелдер өздерінің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін кәсіби дағдыларды игеріп, нақты көмек ала алады. Алғашқы дәрістің қатысушыларын «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері келіп құттықтады.
«Біз қазақстандықтардың экономикалық жағдайын және тұтастай алғанда мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік беретін білім бастамаларын қолдаймыз. Сондықтан, жергілікті ҮЕҰ-дан тың өтінімдер қабылдау өте маңызды», — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қорының бас директоры Альфия Адиева.
Жоба аясында 100 әйелге арналған оқыту курстары ұйымдастырылған. Курстарды тәмамдағандарға шағын бизнестерін ашуға көмек көрсетіледі. Жоба биыл қазан мен келер жылдың ақпанына дейінгі аралықта жүзеге асырылады.
6 апталық оқу курстары негізгі және қосымша оқу блогынан тұрады. Негізгіге «Тігін», «Аспаздық», «Шаштараз» және «Тазалау қызметтері». Қосымша курстар «Кәсіпкерлік дағдыларды оқыту», «Контент және SMM – әлеуметтік желілерді дамыту», «Шешендік өнер, көпшілік алдында сөйлеу дағдылары» кіреді. Сонымен қатар, жоба түлектеріне 3 ай бойы тәлімгер-кураторы қолдау көрсетеді.
«Оқу аяқталғаннан кейін біздің түлектеріміз 100% өз ісін ашуға тауарлар түрінде грант иеленсе, олардың кемінде 50%-ы өз бизнесін ашуға мүмкіндік алып, 30%-ы жұмысқа орналасады», — деді Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Фатима Төлеева.
Шалғайдағы ауылдар мен аудандардың тұрғындарын осы бастамамен таныстыру мақсатында Атырау облысының іскер әйелдер қауымдастығы Құрманғазы, Исатай, Индер, Махамбет, Жылыой, Мақат, Қызылқоға аудандарының, сондай-ақ Еркінқала, Кеңөзек, Алмалы, Дамба, Ақсай, Қайыршақты елдімекендерінің және Атырау қаласының тұрғындарымен кездесулер өткізді.