CaspianLife, 4 қазан — Атырауда білім беру ошақтары, денсаулық сақтау нысандары мен тұрғын үйлер жылу беру маусымына дайындалуда. Бұл туралы Төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысында Энергетика ж/е тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Мукишев мәлімдеді.
Күн тәртібінде Жылыту маусымына дайындық жұмыстары, Республикалық және облыстық автокөлік жолдарының 2022-2023 жылғы қысқы мезгіліне дайындығы, оқыс оқиғалар кезіндегі төтенше жағдайлар қызметін пысықтау, мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді-мекендерінде кезең-кезеңмен өрт сөндіру бекеттерін құру мәселелері қаралды.
Энергетика ж/е тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Мукишев облыс бойынша 414 білім беру, 144 денсаулық сақтау нысандары және 1786 көпқатарлы тұрғын үйлер жылу беру маусымына дайындалып жатқанын хабарлады.
«Бүгінгі таңда, білім беру нысанының 99 пайызға, денсаулық сақтау нысанның 94 пайызға және тұрғын үйдің 83 пайызға дайын. Қала және аудан әкімдіктерінің қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың 1 қазан айынан бастап әлеуметтік сала нысандарына, 15 қазан айынан бастап көпқатарлы тұрғын үйлерге жылу беріле бастайды. Алдағы жылу беру маусымының сапалы және үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында қала және аудандардағы барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жөндеу жұмыстары жоспарланды», — деді Д.Мукишев.
Сондай-ақ, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиев жолдарды күтіп ұстау мәселесіне тоқталды.
«Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 3 жылға (2020-2022 ж.ж.) конкурстық рәсімдер өткізіліп, қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына келісім-шарт жасақталуда. Облыс көлеміндегі жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 1927 шақырымды құрайды», — деді ол.