CaspianLife, 12 қыркүйек — Елімізде «Үздік педагог» байқауы басталды деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Байқауға мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының штаттағы 5 жыл үздіксіз қызмет еткен ұстаздар қатыса алады. Биыл конкурстың барлық кезеңдері толығымен цифрландырылған.
«Байқау аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі мен оның кәсіби шеберлігі ескеріледі. Биыл байқауға қатысатын әрбір педагог сауалнаманы толтырғаннан кейін конкурстың одан арғы динамикасын бақылай алады, мысалы, қатысушылар қай кезеңде тұр, оларға сарапшылар қандай ұпай қойды», — деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасы Гүлмира Кәрімова
Құжаттарды қабылдау 12 қыркүйекте басталып, 22 қыркүйекке дейін жалғасады. Байқау туралы ақпарат еліміздің барлық 380 мың мұғалімі пайдаланатын kundelik.kz жүйесінде орналастырылады.
Байқау үш кезеңнен тұрады:
— I кезең – аудандық, қалалық деңгей;
— II кезең – облыстық деңгей;
— III кезең – республикалық деңгей.
Екі байқаудың қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған мұғалімдер республикалық деңгейге өтеді. «Үздік педагог» атағының иегерлеріне 3 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйақы ғана емес, төсбелгілер де беріледі.
Сондай-ақ байқау тарихында алғаш рет барлық кезең, яғни қатысуға өтінімдерді қабылдау, тіркеу, конкурс құжаттарын тапсыру, бағалау https://teachercontest.iac.kz/ веб-порталында жүзеге асырылады.