CaspianLife, 5 тамыз — Бірлік ауылында спорт залы құрылысы басталатын жердегі карьер жабылатын болады деп мәлімдеді Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи.
Шаһар басшысы басқа карьерлерді жеке кәсіпкерге беру арқылы көму жоспарланғанын айтады. Егер бұл іске аспаса, аймақ бюджетінің есебінен көмуге тура келеді. Алайда, бұл іс көп қаражатты талап етіп отыр.
«Қала бойынша 6 карьер бар. Мәселен, Өрліктегі карьерді көму 318 млн теңгені қажет етеді. Егер оны жеке кәсіпкер алмайтын болса, бюджеттің есебінен кезең-кезеңімен көметін боламыз», — дейді қала әкімі.
Карьерлерді бір уақытта көмуге бюджеттің шектелуікедергі. Қалада басқа да мәселелер болғандықтан, жүздеген миллионды бір ғана карьерге жұмсай алмаймыз дейді Мейірім Қалауи.
Қала басшысы Бірлік ауылындағы қоғамдық көлік мәселесін де айта кетті. Әзірге, Бірлікке қатынайтын автобус сыйымдылығы жеткілікті. Алайда, қыркүйек айында оқушылардың тасымалын қамтамасыз ету үшін қосымша екі автобус қатынайтын болады. Бұл туралы кәсіпкермен сөйлесеміз дейді Қалауи.
Айта кетелік, қоғамдық көлікті өзгерту мен жаңалау жоспары аясында «Интенсивті түрдегі қозғалыс» жобасы іске аспақ. Мәселен, адам көп болатын таңғы және кешкі уақытта бір жақтан бірнеше автобус жолға шығады.