CaspianLife, 29 сәуір — Атырау облысының Махамбет ауданындағы Алмағамбет көліне судың көп келуіне байланысты балықтарды құтқару жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кеше әлеуметтік желіде жаппай қырылған балықтардың видеосы тараған болатын. Мамандардың айтуынша, шабақтар қатты су ағысымен жыңғылдар арасына жиналуы салдарынан өлген. Оған қоса, күннің ысуына байланысты көлдегі оттегі мөлшері де себеп болған. Қазір жергілікті орган өкілдері мен еріктілерден құралған топ құтқару жұмыстарын жүргізуде. Ал, өлген балықтар санитарлық талаптарға сай көмілді.
«Көлден 300 метр қашықтықтағы арнаның өзінде су терең, ол жерде балықтардың өлу фактісі жоқ. Алмағамбет су айдыны орман алқабына кіреді. Бұл жердегі жыңғылдарды жұлу, жою, қазу жұмыстарын жүргізу үшін арнайы рұқсат алу қажет», — деді жергілікті балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы.
Ал, Алға ауылының әкімі Расул Мусин соңғы аптада аталған су айдынында кезекшілікпен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
«Ауыл тұрғындары мен қызметкерлер көлді құлаған ағаштардан, қатты қалдықтар мен қоқыстардан тазартты. Судың мөлшері 24 сәуірден бастап көбейе бастады. Сол кезден бері кезекшілікпен жұмыс жасап, су деңгейін қадағалануда. Өлу қаупі бар балықтарды тереңге жіберіп отырдық. Алайда, қазір судың қатты келуімен балықтар жыңғылға тіреліп, өте алмай қалып тұр. Ал, оның алдын алу үшін тор қою біздің құзырымызға кірмейді», — дейді әкім.