CaspianLife, 29 сәуір — Атырау қаласындағы мектеп оқушыларының 10%-ы инфекциялық емес ауруларға шалдыққан. Балалар арасында әсіресе сколиоз, анемия, көздің нашар көруі және тісжегі көп кездеседі. Мәселен, 2018 жылы 48 оқушының омыртқасы қисайған болса, 2021 жылы мұндай 268 бала тіркелген. Анемияға шалдыққан жасөспірімдер саны соңғы үш жылдың ішінде екі есе өсіп, 1061 адамға жеткен. Мұндай жағымсыз мәлімет «Балалар мен жасөспірімдердің медициналық тексерістен сапалы өтуі және сауықтырылуы» тақырыбында ұйымдастырылған семинар барысында белгілі болды.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандарының айтуынша, мектептегі медбикелер оқу жылының соңында оқушылардың денсаулығы 100 пайыз жақсы екендігі туралы есеп береді, ал шын мәнінде жағдай ондай мәз емес көрінеді.
«Жылдан-жылға балалардың аурушаңдығы азаюдың орнына, көбейіп жатыр. Бұл қате есептің берілгенінен бе, әлде балалар мектепте дұрыс отырмағаннан ба?», — дейді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Хамзин.
Жиналысқа қатысқан қаладағы мектеп директорлары мен медбикелер мұнымен келіспейді. Медбикелер ата-аналардың балаларына екпе салуға, скринингтен өткізуге, рентгенге түсіруге, тіпті тістерін тексертуге қарсы екенін айтады.
«Былтыр бір оқушы флюорографиядан өтпегені үшін айыппұл төледім. Ол бала туралы директорға да айттым. Ең бірінші болып сынып жетекшісіне де ескертілді. Биыл сол бала тағы да тексеруден өткен жоқ», — дейді, №33 орта мектептің медбикесі Гүлбибі Дюсенбекова.
Эпидемиолог мамандар жүргізген тексеріс нәтижесінде қаладағы бірқатар білім беру объектілерінің санитарлық талаптарға сәйкес келмейтіні де анықталыпты. Мәселен, 5 мектептегі 130-дан астам жасанды жарық көзі талаптарға сай емес. Директорлар болса мектептің материалдық базасы бюджеттен бөлінген қаражатқа байланысты жасақталатынын айтады. Олар мемлекеттің меншігіндегі нысан үшін айыппұлды неге директорлар төлеуі керек екенін түсінбейміз дейді.
«Бізге бюджеттен сұраныстарымызға сай миллиондап қаржы құйылып тұрып, пайдаланбай отырсақ, айыппұл салуға болады. Ақша жеткілікті бөлінбесе не істей аламыз? Мекеменің нәрсесі болса да, директорға жеке тұлға ретінде айыппұл салынады. Директордың оны төлеу үшін 2 ай жұмыс жасауы керек. Ал оның бала шағасын кім асырайды сонда?», — дейді №30 мектеп-гиназиясының директоры Гүлфия Есқайырова.
Семинар барысында қаладағы 3 мектепте медицина қызметкерінің мүлдем жоқ екені айтылды. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасынан құзіретті маманның жиналыста төбе көрсетпеуі себепті, мәселенің қашан және қалай шешілетіндігі туралы сұрақтар жауапсыз қалды.