CaspianLife, 15 сәуір — Маңғыстау облысында мектеп жетіспейді. Аймақтағы 4 ауданның оқушылары 3 ауысыммен оқуға мәжбүр. Тек Бейнеу ауданының өзінде 3000-ға жуық бала мектеп жетіспеуі себепті зардап шегіп отыр. Көпбалалы аналар болса үш ауысымды оқудан шаршағандарын айтады.
Мектепте оқитын 4 балам бар. Олар әлі де үш ауысымда оқиды. Біреуін күтіп алсаң, біреуін күтіп жібересің мектепке. Өзім көпбалалы болған соң, күнім балаларды тасумен өтеді, — дейді Бейнеу ауылының тұрғыны Бақытгүл Әбдіраманова.
Бейнеу ауданындағы екі мектепте әрқайсысы 640 балаға арналған қосымша нысандардың құрылысы 90%-ға аяқталған. Аудандық білім бөліміндегілер Күйкен ауылындағы мектеп оқушыларын осында көшіруді жоспарлап отыр. Ондағы 500 адамға арналған білім ошағында қазір 1700 бала үш ауысымда білім алуда.
Орын тапшылығы бізде бұрыннан байқалып келді. Бірінші жылдан бері біз осыны мәселе қылып көтердік. Себебі орын тапшылығының өзі арғы жағында оқушының білім сапасына қатты әсер етіп келді. Енді кейбір пәндерімізге қиындық тудырып отыр, — деді Күйкен жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Молдахан Малбасов.
Қазір Маңғыстау облысында 5000-нан астам бала үш ауысыммен оқиды. Мамандардың есептеуінше, бұл ыңғайсыздықты жою үшін мектептерде қосымша 10 мың оқу орнын ашу керек.