CaspianLife, 17 наурыз — Қазақстанда ауа райы күрт бұзылып, 28 градусқа дейін аяз болады.
Алдағы үш күнге болжам жасаған синоптиктер әсіресе, солтүстік өңір тұрғындары беті-қолын домбықтырып, үсітіп алмасын деп отыр.
Оңтүстік өңірлер де антициклонның ықпалында болады. Бұл жақта қар аралас жаңбыр жауып, тұман түседі.
Ал батыста қазірдің өзінде ақтүтек боранның кесерінен жолдар жабылып жатыр. Ақтөбе облысындағы Мәртөк пен Темір ауданындағы бірнеше ауылға қатынас тоқтаған. Ойыл ауданында он шақты жолаушысы бар көлік қар құрсауында қалып, құтқарушылар көмекке келді.
Батыс Қазақстан облысында үш күннен бері қар тоқтамай жауып тұр. Оның үстіне жел ұйытқып, жылдамдығы секундына жиырма метрге дейін жетеді. Алай-дүлей бораннан көлік тұрмақ, жаяу жүру мүмкін емес. Таяқ тастам жер көрінбейді. Қазір Оралдан Ақтөбе мен Ресейге шығатын қос бағыттағы трасса жабылған. Ал облыс орталығын коммуналшылар неше күн бойы толассыз жауған қардан тазартып үлгермей жатыр.
«Таңмен боран болды. Енді ертең кешке дейін әлі қар жауады деп күтілуде. Біздің коммуналдық мекеменің 230-ға жуық арнайы техникасы көшеде жүр және 250 адам жұмылдырылған болатын», — деді Орал қаласы ТКШ бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев.