CaspianLife, 10 наурыз — Атырауда қаңтар оқиғасына байланысты қамалған 8 күдікті аштық жариялады. 9 наурызда УГ-157/1 мекемесінің алдына күдіктілердің туыстары жиналып, жақындарын көрсетуді талап еткен. Оқиға орнына барған «Ақ Жайық» тілшісі мекеменің ішінде отырған ер адамдардың айқайлап, қара және қызыл түсті маталарды бұлғағанын жазды.
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросының Атырау облысы бойынша бөлімшесінің директоры міндетін атқарушы Дария Ұлжағалиеваның сөзінше, күдіктілер аштықты әлі жалғастырып жатыр. Ол 9 наурызда кешке тергеу изоляторына кіріп шыққан. Оның айтуынша, негізінен «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» және «Билік өкіліне күш қолдану» баптары бойынша күдікке ілінген азаматтар өздерін үйқамаққа шығаруды талап етіп отыр. Бұған қоса, қаңтар айында ұстау кезінде «азапталған» күдіктілер өздерін қинаған полицейлерді жауапқа тартуды талап еткен.
Күдіктілердің бірінің анасы Әлия Махамбетованың айтуынша, ұлы мекемедегі антисанитария мен тамақтың сапасына шағымданған.
«Ұлым өздерін құр суға әзірленген арпамен тамақтандыратынын айтты. Азаптау туралы айтқан жоқ, мүмкін бізді, жақындарын алаңдатқысы келмеген болар. Бірақ бүгін оларды 13 қаңтарда түрмеге жеткізгеннен кейін резеңке таяқпен екі бұтының арасынан ұрғанын білдім. Жаны қысылғандықтан қазір айтып отыр. Тергеу изоляторы қызметкерлерінің қысымынан кейін олар тамырларын кесетінін айтып отыр. Әлеуметтік желіде де видео бар» деді Әлия Махамбетова.
Түрме алдына жиналған ата-аналардың алдына шыққан арнайы прокуратура өкілдері Әліби Мұстафин және Асылбек Мұқанов азаптау туралы ақпаратты тексеретінін айтқан.
«Антисанитария мен тамақтануға қатысты шағымды өзге әріптестерім тексереді, ал тергеу изоляторындағы азаптаулар жайлы шағымдар бүгінгі күнге дейін түскен жоқ болатын, қазір тексереміз» деді прокуратура өкілдері.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, наразылар аштықты 6 наурызда жариялаған. Жалпы тергеу изоляторында қаңтар оқиғасы бойынша қамалғандар 20-дан асады.