CaspianLife, 9 наурыз — Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ әйелдер кәсіпкерлігіне байланысты негізгі цифрларды екшеп шықты.
«Даму» Қоры арқылы қолдау алған микро, шағын және орта бизнестегі кәсіпкер әйелдердің орташа статистикалық портреті: 39-40 жастағы, ЖК ашқан, көбінесе сауда саласында 10 шақты адамды жұмыспен қамтып отырған жан. Әр екінші кәсіпкер әйел мемлекеттік қолдауды инвестиция үшін пайдаланады.
«Даму» Қоры қолдау көрсеткен барлық жобалардың ішінде 72,3 мың жоба немесе 46%-дан астамы – әйелдердің идеясымен жүзеге асқан. Бизнестегі аруларға көрсетілген мемлекеттік қолдаудың жалпы сомасы 1,26 млрд теңгені құрайды. «Даму» Қоры кәсіпкерлікті қолдайтын ұлттық даму институты ретінде гендерлік аспектіге көп көңіл бөледі және әйелдердің бастамаларын қолдап отырады», – деп атап өтті «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымы Гаухар Бурибаева.
«Даму» Қоры негізгі үш құрал арқылы қолдау көрсетеді. Олар: екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несие беру, сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және микро, шағын және орта бизнес субъектілерінің несие/микронесиелері бойынша ішінара кепілдік беру. Осы құралдардың ішінде жеңілдікпен несиелеуге әйел кәсіпкерлерден сұраныс көп. Жалпы несие алғандардың 58%-ы немесе ақшалай 322 млрд теңге осы нәзік жандардың үлесінде. Әйелдер кәсіпкерлігіне мемлекеттік қолдаудың басым бөлігі Еуропа қайта құру және даму банкінің «Бизнестегі арулар» бағдарламасы, сондай-ақ Азия даму банкінен тартылған несие желілері арқылы жүзеге асырылды.
Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау сияқты құрал бойынша жобалар арасында әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 39%-ды құрады. Бұл – 16,7 мың жоба. Ақшалай алғанда мемлекеттік қолдау көлемі 1,13 млрд теңгеге жетті.
Ақтөбе облысында пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау сияқты құрал арқылы 2021 жылы мемлекет қолдау көрсеткен жобалардың бірі – ұн және нан-тоқаш өнімдерін мұздатып сату өндірісі. «Shugar.kz ЖШС басшысы Татьяна Александрова ауқымды маркетингтік зерттеу жүргізіп, екі жыл бойы Еуропа мен Ресейдегі тамақ өнеркәсібі өндірушілерінің көрмелеріне қатысқан. Осылайша ол Қазақстанда әлі ешкім қолға ала қоймаған бизнес түрін тапты.
Кәсіпкердің айтуынша, оның бизнесі өте өзекті. Қазір жұрттың бәрі жұмыста, үй шаруасына күш те, уақыт та қалмайды. Оның өнімдерін пешке 15 минутқа сала қойса болғаны. Жаңа піскен хош иісті нан, круассан немесе ет немесе тәтті салындысы бар бөректер дайын.
«Даму» Қоры кепілдік беру сияқты құрал бойынша 12,6 мың жобаға немесе жалпы кепілдік алушылар санының 38%-ына қолдау көрсетті. Осы бағыт бойынша мемлекеттік қолдау көлемін ақшалай алсақ – несие сомасысы жағынан млрд теңгені құрады. Ал берілген кепілдік мөлшері – 102 млрд теңгені құрайды.
Қазақстандағы Монтессори желісіндегі балабақшалар мен мектептердің бас директоры және құрылтайшысы Регина Карибаева бизнестің қазіргі әлемнің тартсысында қалай төтеп бере алатынын және тұрақты дамуға арулардың қалай үлес қоса алатынын өз ісімен көрсеткен жан.
«Мемлекеттік қолдаудың арқасында біздің балабақшалар мен мектептер балаларға даму үшін ең жақсы жағдай жасай алады», – деп есептейді Регина Карибаева.
Біздің елімізде микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері иелерінің жалпы санының 43%-ын арулар құрайды. Олардың басым бөлігі білім беру, жылжымайтын мүлік, тамақтандыру, сауда және денсаулық сақтау саласында қызмет ұсынады. Яғни, ең алдымен, әйелдер өз отбасылары мен жақындары үшін жайлы жағдай жасап, өмірін жақсартқысы келетін салаларда бизнес ашады.
Фото: Владимир Третьяков