CaspianLife, 24 ақпан — Атырауда 5000-нан астам психотроптық дәрі тәркіленді. Заңсыз айналымдағы дәрілерді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері анықтады.
«Дәрмек» іс-шарасы кезінде ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабымен, яғни фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникалық қағидаларын бұзудың 3 дерегі тіркелген.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша Атырау қаласының 1973 ж.т. азаматшасы қала аумағында заңсыз 2900 дана трамадол және 76 дана трапикамид, 1985ж.т азаматша 1900 дана трамадол және 36 дана трапикамид, 1997ж.т азаматша 500 дана трамадол және 50 трапикамид дәрі-дәрмектерін сатып жүрген жерлерінен ұсталды.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматшаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Жинақталған іс-құжаттар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне жолданды.
«Атырау облысы аумағында 21-25 ақпан аралығында «Дәрмек» профилактикалық іс-шарасы өтуде. Өз кезегінде полицейлер есірткі заттарын қолдану, тасымалдау, сату бойынша қандайда бір ақпарат белгілі болған жағдайда 8 (7122) 98-21-55 немесе 102 нөмеріне хабарласуды ескертеді. Хабарлаған тұлға жөнінде ақпарат анонимді түрде сақталады», — деді облыстық ПД бастығы, полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев.