CaspianLife, 27 желтоқсан — North Caspian Operating Company компаниясы Каспий итбалығының популяциясына және атмосфералық ауа сапасына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесін жариялады.
Онлайн және оффлайн форматта өткен дөңгелек үстелге консорциум құрылтайшалары, үкіметтік емес ұйым, экология департаменті өкілдері мен ғалымдар қатысты. Жиын барысында биыл жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша итбалықтар санының 302 мыңнан асқаны айтылды. Яғни, былтырғы дерекпен салыстырғанда олардың саны 6,5 пайызға артқан.
Каспий итбалықтарының саны жайлап болса да көбейіп келеді. Алдағы уақытта популяциясы бұрынғыдай болады деген сенім бар. Бірақ, олардың көбеюіне вирустар да кедергі. Оған қоса, итбалықтардың иммунитетіне әсер ететін бактериологиялық факторды ұмытпаған жөн. Сондықтан, түрлі фактордың, климаттың өзгеруі балықтардың көбеюіне қалай әсер ететінін анықтауға тырысамыз, — деп атап өтті «Қазақстан қолданбалы экология агенттігі» ЖШС атқарушы директоры Федор КЛИМОВ.
Елімізде балықтарды зерттеу үшін жақсы ғылыми база бар. Және вирусология институты нығайып, қажетті заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған. NCOC компаниясының бастамасымен бес жылға жоспарланған жоба Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғылыми зерттеу ұйымдарының мамандарынан құралған жұмыс тобымен жалғаса бермек. Енді дөңгелек үстелде көтерілген екінші мәселеге көшсек. Атыраулықтар үнемі қаладағы ауа сапасына шағымданады. Осыдан 15 жыл бұрын NCOC компаниясы өнеркәсіптік нысандар айналасындағы санитарлық қорғау аймағында, жақын маңдағы елді мекендерде және Атырау қаласының анағұрлым функционалды аудандарында 20 ауа сапасын бақылайтын станция орнатқан еді. 2019 жылы басталған 3 кезеңнен тұратын зерттеу нәтижесінде ауадағы күкіртті сутегінің нормадан асу жағдайының 92 пайызы Атырау қаласының аумағында тіркелсе, қалған 8 проценті Батыс Ескенеге тиесілі.
Біздің зерттеу жұмыстарымыз Атырауда көптен бері жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта біз бұл жұмысты NCOC компаниясымен бірге, оның қолдауымен жүргізіп жатырмыз. Десек те, негізгі мақсат — ауаныңластану деңгейінің адам денсаулығына әсерін бағалау. Алдымен экологиялық зерттеулер, содан кейін медициналық-демографиялық зерттеулер жүргізіледі, — дейді «Атмосфералық ауаны қорғаудың республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС директоры Рысты ҚҰТТЫҒҰЛОВА.
12 жыл ішінде Атырау қаласының ауасын ластайтын заттектер концентрациясының нормативтен асу деректерінің саны «Болашақ» зауыты іске қосылғаннан кейін көбеймеген. Бұған зерттеулердің қорытындысы дәлел дейді NCOC өкілі.
Станцияларымыздың жұмыс істеп тұрғанына 15 жыл болды. Екі жыл бойы арнайы зерттеу жүргіздік. Соның нәтижесі бүгінгі дөңгелек үстел кезінде жан-жақты талқыланды. Ол жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Өзіміздің жоспарға енгіздік, — дейді NCOC компаниясының ДЕҚҚОҚ жөніндегі директоры Нұраш ӘЖІҒАЛИЕВ.
Сонымен қатар, жүргізілген зерттеулер Батыс Ескене аумағындағы ластаушы заттардың концентрациядан асу шегі облыс орталығымен салыстырғанда біршама аз екенін көрсеткен. Соған қарамастан, North Caspian Operating Company компаниясы келер жылы да Атырау мен Батыс Ескенеде күкіртті сутегі мен ұшпа органикалық қосылыстарды зерделеу жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.