CaspianLife, 22 желтоқсан — 15 желтоқсан күні сағат 01:00 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан көп қабатты үйлердің бірінде тұратын тұрғын қоңырау шалып, көршілерінің түнгі тыныштықты бұзып жатырғандығы туралы хабарлама берген.
Хабарламаны тексеру кезінде, Вокзал маңы мөлтек ауданында орналасқан көп қабатты үйлердің бірінің пәтерін тәулікке жалға алған 1991 ж.т., азаматша анықталды. Ол тәуліктік пәтер ішінде әуен қосып, көршілерінің мазасын алған.
30 жастағы азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 437 бабының 1 бөлігімен (Жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіріп, түнгі уақытта тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғын үй-жайларда және олардың сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізу) әкімшілік хаттама жасақталып, 14 585 теңге көлемінде көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, тәуліктік пәтерді жалға берушіден түсініктеме алынып, пәтерді жалға беру дерегінің заңдылығын тексеру мақсатында мәліметтер Атырау қаласының мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды.
Еске сала кетейік, жыл басынан бері қала аумағында түнгі тыныштықты бұзған 1500 жуық тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.