CaspianLife, 15 желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Атырау облысының Құрманғазы ауданында 60 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Құрманғазы ауданының әкімі Марат Мурзиевтің айтуынша, бұған дейін 2 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, баспанаға мұқтаж отбасыларға берілген. Ал, «Декор» ЖШС бұл тұрғын үйді Қадыр елді мекенінде тұрғызған.
«Еліміздің Тәуелсіздік алғаннан бері тұрғындардың әлеуметтік мәселелері оң шешімін тауып келеді. Соның бірі – баспанаға мұқтаждық. Қазір тұрғындар үшін баспаналы болудың мүмкіндігі артты. Аудандарда да «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй кешендері салынып, ел игілігіне беріліп жатыр. Көптеген отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенелді. Мемлекеттің мыңдаған отбасыға көрсеткен қолдауының нәтижесінде әрбір азамат өз баспанасының иесі атанды», -дейді Марат Мурзиев.
Әкімнің айтуынша, жаңа тұрғын үйдің пәтерлері 3 санатқа кіретін тұрғындарға бөлінеді. Алдымен, көпбалалы отбасыларға үш бөлмелі пәтер беріледі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға төменгі қабаттан баспана беру көзделген. Жаңа пәтерлердің кілті алғашқы 15 адамға тапсырылды.