CaspianLife, 29 қараша – «Тазалық» – Атырау мұнай өңдеу зауытының ауа сапасын жақсартуға бағыттаған экологиялық жобасы.
Оның аясында ел арасында «сасық сай» аталып кеткен булану алаңының 860 гектар жері толықтай құрғатылып, рекультивацияланады. Аталмыш жоба аяқталған кезде Атырау қаласының ауа сапасы расымен жақсара ма? Осы мақсатта тәуелсіз маман, техника ғылымдарының кандидаты, Атырау университетінің экология кафердасының жетекшісі Мәнсия Есенаманованың пікірін білген едік.
Жағымсыз иіс тек зауыттан шықпайды
«Сасық сай» – 1945 жылдан бері қала мен зауыттан шығатын шірік суы төгілетін булану алқабы. Біршама көлемді алып жатқан сайдың құрылғылардың жаңа кезінде бәрі жақсы болған шығар. Бірақ уақыт өте олар ескіріп, ауа ластана бастады. Қалада күкіртсутектің құрамы жоғарылап кеткені сонша – танертең ұйқыдан тұрған кезде мүңкіген иістен басымыз ауырады. Кейбіреулер бұған тек АМӨЗ-ден шығарылатын ауа себепші деп ойлайды. Алайда олай емес. Негізінен, бұл – «сасық сайдан» шығатын жағымсыз иіс. Онда, әсіресе, жазғы мезгілде күкіртсутек көп бөлінеді. Ал «сасық сайды» тазалау арқылы зиянды ауаның азаюына ықпал жасаймыз» дейді Мәнсия Есенаманова.
Ауадағы күкіртсутек көлемі азайған
«Атырау мұнай өңдеу зауытының «Тазалық» жобасын қолға алғаны өңір экологиясы үшін жақсы болды. Себебі, оның жұмысы басталғалы бері ауаны тексерген кезде күкіртсутектің азайғанын байқадық. Бұны airkaz.org сайтынан да көруге болады. Сол себепті, алдағы уақытта «сасық сай» толық тазаланған соң расымен халықтың денсаулығы жақсарып, ауаның ластануы азаяды деп ойлаймын» дейді Атырау университеті экология кафердасының жетекшісі.
Сондай-ақ, Мәнсия Есенаманова зауыттың алдағы уақытта да ауа сапасын жақсартуға арналған басқа да жобалар жасағанын дұрыс санайды. Әсіресе, қаланы оның ішінде ықшамаудандарды абаттандыру, қаладағы саябақтар санын арттыру, балалар алаңдарын көгалдандыру секілді жұмыстарда белсенді болуын құптайды.