CaspianLife, 6 қыркүйек — Бокстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіндегі Ғалымбек Кенжебаевты Қайрат Сатжанов ауыстырады, ал Шамиль Сафиуллин Ерік Алғабектің орнына бокстан әйелдер ұлттық командасының бас бапкері қызметін атқарады, деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі.
Кадрлық өзгерістер команданың Токиодағы 2020 жылғы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздігімен байланысты және спортшыларды даярлауда жаңа әдістер мен тәсілдерді іздеуге бағытталған.
Қайрат Сатжановтың бапкерлік еңбек өтілі 31 жыл, ал Шәміл Сафиуллиннің еңбек өтілі 25 жыл.
«Қазақстанның бокстан ұлттық құрамаларында жаңа ресми тағайындаулар күтілуде. Қазақстан бокс федерациясының ұсынысы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт комитетіне ерлер және әйелдер ҰҚК – нің жаңа бас жаттықтырушыларының есімдері ұсынылды», — делінген хабарламада.
Ғалымбек Кенжебаевтың өзі бүгін таңертең өзінің Instagram-дағы парақшасында өзінің шешімі туралы хабарлады, бірақ кейін постты алып тастады.
«Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кеттім. Басшылық менің отставкама қол қойды. Менде ешқандай реніш жоқ. Екі жыл бойы біз бірге жұмыс істедік. Командада тәжірибелі мамандар да, атақты боксшылар да болды. Біз қолымыздан келгеннің бәрін жасадық. Барлық боксшы іріктеуден өтті, ұлттық құрамада үздік боксшылар ұсынылды», – деп жазды Кенжебаев.
1998 жылдан 2005 жылға дейін Ғалымбек Кенжебаев Геннадий Головкиннің жеке жаттықтырушысы болды. Содан кейін 2006 жылдан 2009 жылға дейін және 2013 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстанның жастар құрамасын басқарды. Бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Кенжебаев Мырзағали Айтжановтың орнына 2018 жылдың желтоқсан айында келді. Спортшылардың өткен айда Токио Олимпиадасында сәтсіз өнер көрсеткенінен кейін құраманың тәлімгері отставкаға кетуі мүмкін екені хабарланған да болатын.
Ерік Алғабек әйелдер құрамасының бас бапкері лауазымында екі жыл болды, сондай-ақ Олимпиада аяқталғаннан кейін өз еркімен отставкаға кететінін мәлімдеді.