CaspianLife, 3 қыркүйек — ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
2 қыркүйекте ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев пен «С.Өтебаев атындағы Атырау Мұнай және газ университеті» КЕАҚ басқарма төрағасы — ректоры Гүлзада Шакуликова өзара ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.
Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, меморандумның мақсаты инновациялық және ақпараттық әзірлемелер мен тәсілдерді, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды пайдалана отырып, экологиялық жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық болып табылады. Кездесу барысында Мағзұм Мырзағалиев меморандум жаңа экологиялық кодексті іске асыру бойынша күш-жігерді біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Ағымдағы жылдың 1 шілдесінде Экологиялық кодекс жаңа редакцияда күшіне енгені белгілі. Бұл меморандум қоршаған ортаны қорғау және экологияны қорғау саласындағы міндеттерді іске асыру үшін мамандандырылған сараптама блогын құру бойынша күш — жігерді біріктіруге мүмкіндік береді», — деді Мағзұм Мырзағалиев.
Өз кезегінде, Гүлзада Шакуликова университеттің қоршаған ортаны қорғау саласындағы заманауи әдіснамаларды әзірлеу, экология саласындағы IT шешімдер мен жобаларды әзірлеу және іске асыру үшін АтМГУ сарапшылары мен ғылыми қызметкерлерін ұсынуға дайын екенін атап өтті.