CaspianLife, 1 қыркүйек — Бүгін таңертең Ақтөбе қаласының №2 орта мектебінің электрондық поштасына белгісіз тұлға қаланың алты мектебіне бомба қойылғандығы туралы жалған хабарлама жіберген. Шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына жетті. Оқу орнының педагогтары, оқушылары мен техқызметкерлері салтанатты жиыннан эвакуацияланған.
Хабарлама жалған болғандықтан, қазіргі уақытта полиция «терроризм актісі туралы жалған хабарлама» бабы бойынша тергеу жүргізуде. Авторы бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Қазір анонимді хабарламалардың авторын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел шаралар жүргізілуде. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 273 – бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», — деп хабарлады полиция өкілдері.
Бұған дейін, 4 тамызда белгісіз ер адам Атырау облысындағы мектепте жарылғыш зат бар екендігі туралы жалған ақпарат таратқан болатын. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қоңырау шалушыны ұстады. Ол бұрын сотталған Ақсай қаласының тұрғыны болып шықты.