CaspianLife, 26 тамыз — Токиодағы Паралимпиада-2020 ойындарында Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен пауэрлифтер Давид Дегтярев әкелді.
Қазақстандық паралимпиадашы барлық қатысушы арасында ең үлкен салмақты, яғни 170 кг-ды көрсетті және оны сәтті орындады. Екінші рет Давид 172 кг алып, нәтижесін жақсартты. Ал үшінші әрекетте 174 кг салмақты бағындырып Паралимпиада ойындарының чемпионы атанды.
165 кг нәтижесімен «күмісті» француз Аксель Бурлон иеленсе, Грекиядан келген Димитриос Бакохристос дәл сондай көрсеткішпен «қола» алды.
2021 жылдың мамыр айында Давид Дегтярев пауэрлифтингтен Азия рекордын жаңартқан болатын. Осы жеңістен кейін Давид Дегтярев Паралимпиада ойындарының алдындағы әлемдік рейтингтің көшбасшысы атанып отыр.
Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Алина Солодухина 45 келіге дейінгі салмақта бесінші орын алды. Оның ең жақсы көрсеткіші 83 кг болды.