CaspianLife, 16 тамыз — Атырау облысына Қытайда жасалған Vero Cell вакцинасы жеткізілді. Sinopharm компаниясы шығарған вакцинаның 10 мың дозасы қаладағы 15 екпе пунктіне таратылуда. Ал 17 тамыздан бастап тұрғындарға салына бастайды. Жаңа вакцинаның вирусқа қарсы тиімділігі 79 пайыз. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, Vero Cell вакцинасын кез-келген адам салдыра алмайды.
«Vero Cell вакцинасын 18 жасқа толмағандарға салуға болмайды. Сонымен қатар, бүйрек пен бауыры ауыратын жандарға , қант диабеті мен жүйке жүйесі ауруларына шалдыққандарға салуға рұқсат етілмейді», — дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев.
Vero Cell вакцинасы 2 компоненттен тұрады. Екінші компоненті алғашқысын қабылдағаннан кейін 21-28 күннен кейін салынады. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Vero Cell вакцинасы ДДҰ қауіпсіз және тиімді деп баға берген алғашқы қытайлық вакцина. Оны 45 елде ересектерге салуға рұқсат етілген. Шетелдік вакцинаның елімізге көптеп әкелінуін облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар «тұрғындарда таңдау болу керек» деп түсіндірді.
«Әрине қазір өзімізден шығатын Казвак пен ресейдің Спутник Ви вакциналары жетпей жатыр. Сондықтан, Қытайда шыққан вакцинаны сатып алуға тура келді. Вакцина салдырғысы келетіндер үшін таңдаудың болуын дұрыс деп санаймын», — деп атап өтті Асхан Байдувалиев.
Vero Cell вакцинасын қаладағы жеті емханадан, Геолог шағын ауданының емханасынан, сондай-ақ барлық аудандардағы ауруханадан салдыруға болады.