CaspianLife, 12 мамыр — «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын «Союз-2» тасымалдағыш-зымыраны экологиялық қауіпсіз керосин-оттегі отынымен ұшырылады. Бұл туралы бүгін парламент мәжілісінің отырысында айтылды, деп жазды holanews.kz порталы.
ҚР үкіметі мен РФ үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппаратын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыру туралы заң мақұлданды.
Екі ел ортақ келісімге 2019 жылы 20 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойған болатын.
«Осы келісім бүкіл әлемді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған OneWeb халықаралық жобасын жүзеге асыру үшін «Байқоңыр» айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру кезінде Қостанай облысының аумағында «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандардың бөлінетін бөліктерінің құлау ауданын Ресей тарапымен пайдалану тәртібін реттейді», — деді цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин.
Министрдің сөзінше, құлау ауданы жылына небәрі бірнеше рет сервитут шартымен қолданылып отыратын болады. 3-6 тәулікті құрайтын бұл кезеңде адамдар мен үй малының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құлау ауданына кіру жабық болады. Қалған уақытта құлау ауданында жүруге және оны жайылым ретінде пайдалануға шектеу қойылмайды. Адамдардың құлау ауданынан тысқары жерлерде тұруы қауіпсіз болады.
Келісім шартқа сәйкес тасымалдағыш-зымырандардың бөлінетін бөліктерін қабылдау аудандарындағы экологиялық жағдайға мониторинг жүргізуге қазақстандық мамандар мен ұйымдар қатысады және бақылайды.
Министрдің айтуынша, Ресей тарапымен осы келісімнің күшіне енуі туралы ішкі мемлекеттік рәсімдер орындалды.
Одан бөлек Бағдат Мусин 2026 жылы Байқоңырдан «Протон» зымыран-тасығышын ұшыру тоқтатылатынын да айтты.
«2016 жылы жыл сайын «Протон» зымыран-тасығыштары бес реттен артық ұшырылмайтыны туралы келісім жасалған және ол 2026 жылға қарай мүлде тоқтатылады», — деді Мусин мәжілістің жалпы отырысында.
Ол Ресей 2020 жылы Байқоңырдан «Протон» зымыран-тасығышын тек бір рет ұшырғанын, ал 2021 жылға арналған ұшыру жоспары әлі алынбағанын айтты.
Фото: иллюстративті сурет