CaspianLife, 4 мамыр — Соңғы уақыттары Британия жағалалауларында құрлықтың суға кету деректері жиі тіркеле бастады.
Мәселен, Уэльстің солтүстік-батысында орналасқан Нефин қаласы маңында опырылып түскен жарқабақ қыдырып жүрген екі әйелді басып қалу қаупін тудырған. Абырой болғанда, адамдар дін-аман. Дегенмен сол арадағы үйлердің бау-бақшасына айтарлықтай зиян келген. 40 метрдей жердің әлегінен жергілікті әкімшілік тұрғындарды басқа жерге көшірудің амалына кірісіпті. Сондай-ақ, адамдарға жағаға қарай жақындамауды ескертіп-ақ жатыр.
Бұл жергілікті халықты алаңдатып отырған бірінші жағдайға ұқсамайды. Олар осыған дейін де бірнеше рет қауіппен бетпе-бет келген көрінеді. Ал сарапшылар табиғаттың тосын мінезін бірнеше аптадан бері төпелеп жауған жаңбырдан көреді. Сондай-ақ, ғаламдық жылынудың әсерінен дейтін ғалымдар бар. Ол теңіз деңгейін көтеріп, осындай жағдайға жеткізіпті-міс.
Сонымен қатар, Англияның батыс беткейінде де жыл сайын жағалаудың 2 метрге қысқаруы тіркеліп отыр екен. Осыған байланысты бірнеше үйді сүру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға өтемақы төленіп жатыр.
«Бұл – 2004 жылы түсірілген сурет. Қазір біз тұрған жерден бір кездері теңіз мүлде көрінбейтін. Барлық жерде тұрғын үйлер орналасқан», – дейді жергілікті белсенділердің бірі.
Сол жерді мекендеген халықтың айтуынша, қауіпсіздік жұмыстары туристік қалаларға ғана атқарылып жатыр. Олар өздері үшін де қосымша көмек керек екенін айтады. Табиғи апаттың алдын алмайынша, тұрғындар тыныш таппайтынын ашық айтуда.
Фото: интернет желісінен алынды