Бұл — «Мұздыбұлақ-Қарабау» топтық су құбырын сенімгерлікпен басқарып отырған «Асыл Агро» шаруа қожалығы иесінің үстінен шағым айтып жиналған Қарабау ауылының тұрғындары. Олар аталған шаруа қожалығының басшысы Нуфтолла Құлбасовтын «Мұздыбұлақ-Қарабау» су құбырынан қосымша құбыр арқылы жеке қыстағына ауыз су жүргізіп, бағымдағы 1000 шақты сиыр, бір отар қойы мен 5 үйір жылқысын халық тұтынатын ауыз судан суаратынына наразылық білдірді. Және көпшілік қосымша су құбырын жүргізген қожалық басшысының іс-әрекетінің қаншалықты заңды екендігін анықтап беруді аудан басшылығынан талап етті.
Тұрғындар айтып отырған «Асыл-Агро» шаруа қожалығы Қарабау ауылынан 17 км жерде орналасқан. Иесі топтық су құбырын 2012 жылдан бері сенімгерлік баскаруға алған. Келісім- шартқа сәйкес, қожалық Қарабау және Бұхар ауылдарына күз-көктем айларында тәулігіне 50 тонна, жаз айында тәулігіне 120 тонна су береді-мыс. Бірақ, бұл аздық ететін көрінеді. Ал қарабаулықтар мәселе түбегейлі шешілмесе, өзіміз іске кірісеміз деп отыр.
Тұрғындар бұлай дегенмен, шаруа қожалығының басшысы төбе көрсеткен жоқ. Тек кейін аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков шуға қатысты былайша түсінік берді.
Тиісті орындар Мұздыбұлақ жер асты су қорынан тәулігіне 170 тонна су алған жағдайда оны 2035 жылға дейін пайдалануға болады деген қорытынды берген. Ал оны сенімгерлік басқаруға алған «Асыл-Агро» шаруа қожалығымен жасалған келісім-шарт мерзімі биыл қазан айында аяқталады.
Аяулым Мырзабек