1940 жылдардың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Бағыс ауылының жиырма мың гектар жері мен ол кезде Қазақстанға қарайтын Бостандық ауданының бір бөлігі артиллериялық полигон салу үшін КСРО Қорғаныс министрлігінің Жарлығымен уақытша Түркістан әскери округінің қарауына берілді.
Осы тұста Бағыс ауылы округтің «Туркистанец» қосалқы шаруашылығының құрамына еніп, әскерилер үшін мал және егін шаруашылығымен айналысты. Ол кезде округ Түркістан Орталық Азия әскери округіне (САВО) қарайтын.
80 жылдардың аяғына дейін округ штабы Алматыда болып, кейін Ташкентке көшірілді. Сол әскери полигон округіне қарайтын қазақтың Бағыс өңірі мен Бостандық аудандары кейіннен шекара мәселесі туындап, уақытша берілген территорияны қайтарып алуға келгенде өзбектер: «Бұл жерлер Түркістан округінің штабы жерлері, бүгінде Өзбекстанға қарайды» деген желеумен Қазақстанға қайтармады. Оның негізі ретінде КСРО-ның ыдыраған кезінде, яғни 1991 жылға дейін белгіленген шекара сызықтары бойынша қалыптасқан аумақтық-әкімшілік бөлініс алынды. Сөйтіп, өзбектер Сарыағаш ауданына қарасты 54 шақырымды, оның ішінде шекарада орналасқан Бағыс және Түркістан елді мекендеріне қатысты 2500 гектардай жерді және Арнасай ойпаты аймағын, сондай-ақ әлі статусы толық айқындалып болмаған Түркістан және Бағыс ауылдарына қоршай шекаралық бағаналарын қондырып, үлкен қоқан лоққымен өздеріне қаратып алды. Назарбаев өзбекер алдында дәрменсіздік көрсетіп, жерді саяси тұрақтылықтың кепілі ретінде өзбектерге берді де жіберді.