Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қоршаған ортаға пайдасыз пластикті биопластикке алмастыруды ұсынды.
Хадиша Сагенова мен Нұрай Қоспаева күнделікті тұрмыста қолданылатын картоптың қабығынан биопластик өндіретін жоба әзірлеген. Қос жасөспірім ойларын карантин кезіндегі 9 ай ішінде үй жағдайында жүзеге асырыпты.
Жобада қолданылатын ингредиенттердің барлығы қауіпсіз. Оқушылар тәжірибенің негізгі компоненті ретінде картоптың қабығын, дәлірек айтсақ крахмалды алған. Яғни биопластиктің құрамына әр үйден табылатын реагенттер мен өсімдіктердің қалдығы қолданылады.
Мұғалімдердің сөзінше, олар дәл қазіргі таңда биопластиктің құрамын жетілдіру үстінде. Яғни, шикізатты қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға келетін залал азая түспек. Ол үшін оқушылар өнімге полипропилен мен полиэтилен қалдықтарын қосады. Нәтижесінде, жоба қарапайым пластиктерге де екінші өмір беретін болады.
Хадиша мен Нұрайдың тың бастамасы республикадағы 20 НЗМ-нен жиналған жобалардың ішінде үздік үштікке еніп отыр. Қазір олардың қолында дайын өнім де бар. Оқушылар жобаны одан әрі жетілдіріп, нарыққа шығаруды жоспарлауда.