Қаныш Сатпаев даңғылының бойында орналасқан жаяу жүргіншілер өткелі 1 жарым айдан кейін ресми түрде пайдалануға беріледі. Оның құрылысы 3 жыл бұрын басталған еді. Қалалық құрылыс бөліміндегілердің айтуынша, жобаға өзгерістер енгізілуіне байланысты өткелді пайдалануға беру мерзімі кешеуілдеген.
Елдос ДУЙСЕНОВ, Атырау қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары
Жобалық-сметалық құжаттамада, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус және лифт қаралмауына байланысты жобаны қайта жасақтауға жолданды. Қазіргі уақытта құрылысымен қоса түзетулер аяқталып, рұқсат беру рәсімдері жүргізілуде. 2021 жылдың, үстіміздегі жылдың мамыр айында іске қосамыз деген жоспарда бар. Іске қосылғаннан кейін, академия аумағында орналасқан жаяу жүргінші жолағы алынатын болады.
Жаяу жүргіншілерге арналған жаңа өткелдің құрылысына қалалық бюджеттен 216 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Шенеуніктер құрылыс жұмыстарының әлі аяқталмауына байланысты оның үстімен жүруге болмайды дегенмен, оған құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Оған қоса, тыйым салатын белгілер де койылмаған. Қала тұрғындарының ойынша, жүргіншілер жолағынан гөрі, жаңа өткел әлдеқайда қауіпсіз.
Мамандардың айтуынша, бұл өткелді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің балансына тапсырғаннан кейін Сәтпаев даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолағы алынатын болады. Сондай-ақ, қалалық құрылыс бөліміндегілер Баймұханов көшесінің бойынан тағы бір жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жоспарланып отыргандығын айтты.