Атырауда тергеу изоляторының шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандары 1 наурыз «Алғыс айту» күнін атап өтті. Сотталғандар Skype арқылы ата-аналарына, туған-туыстарына өз алғыстарын жеткізді.
Есірткі сатқаны үшін сотталған Асылбек (есімі өзгертілді) өзінің 60-тан асқан анасымен Skype арқылы бейнеқоңырау шалып, кешірім сұрап, қиын-қыстау кезінде қасында болғаны үшін алғысын білдірді.
— Сіз мені тоғыз ай құрсағыңызда, өмір бойы жүрегіңізде көтеріп келесіз.
Шалыс бассам да апта сайын түрмеге келіп, бар тәттіңізді алып келесіз. Тіпті түрмеге дейін жаяу келген кездеріңіз болды. Сол үшін сізге алғысым шексіз. Бұл жерден шыққаннан кейін сіздің жаныңызда болып, қолымнан келген бар жақсылығымды сізге арнаймын,-деді Асылбек.
Ұлының сөзін естіген анасы көз жасына ерік беріп, ұлын кешіргенін, аналық сүтін кешкенін, оның тезірек бостандыққа шығуын тіледі.
Ұрлық жасап, сотталған Андрей (есімі өзгертілді) өзінің жарына қоңырау шалып, қиын-қыстау кезде тастап кетпегені үшін алғысын білдірді.
— Әрқашан сенің қасында боламын. Жұма сайын палауымды апарып тұрамын. Саған тұрмысқа шыққанда екеуіміз бір жарты болып, сенің қиыншылығынды бірге көтеруге ант еттім. Балалаларымыз сені Теңізге жұмысқа кетті деп ойлап жүр. Сол себепті тәртіпті болып, үйге тезірек орал, қымбаттым,-деді Андрейді жары Маргарита.
Туған-туыстарымен сөйлесіп болғаннан кейін, Арнайы контингент арасында тәрбие және әлеуметтік-психология жұмысының теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру тобының аға инспекторы Эльвира Сауғабаева «Алғыс адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіру», «Сыйласаң сыйлы боласың», «Сыйла үлкен кісіні-қамқорлыққа ал кішіні» тақырыптар ала отырып сотталғандар арасында тәрбиелік іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында сотталғандар өз ойларын ортаға салып, түрлі сұрақтарға жауап берді. Соңында сотталғандар іс-шара ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдірді.