Атырау, Caspian News. Жылыойдағы апатты үйдің тұрғындары облыс әкімдігі алдында шу шығарды. 9 жыл күткен баспанаға әупірімдеп жеттік-ау дегенде сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық департамент мемлекеттік сатып алудағы конкурсты тоқтатып қойған.
Жылыой тұрғыны:
74 пәтердің мәселесі, 100 емес 74 бала-шағасын есептемегенде. Сол тиынға Астанаға мост салып беріп жатыр, Түркістанға cауда үйін салып беріп жатыр, Арысқа ақша аударып жатыр. Мұнайдың астында газға уланып жатқан біздер тұруымыз керек пе, 74млн-ды үнемдейміз деп.
Құлсарылықтар едені қақырап, қабырғасы шытынап, жаңбырлы күнде су басатын үйді әлі күнелтіп келеді. Жиналған жұрттың 2016 жылы апатты деп танылған баспанасындағы 1 бөлме әкімдік 4млн теңгеге бағалап берген. Алайда кейін порталға түскенде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іске араласып, ақша үнемдеу мақсатында 74млн теңгені, яғни әр пәтер сомасынан 1млн көлеміндегі қаржыны қысқартуды ұсынған.
Жадыра АРЫСТАНҒАЛИЕВА, Жылыой ауданының тұрғыны
Бізге ақша бөлініп, оны порталға салып, ЖКХ-ға тіркетіп мәселе осы февральдің 15-не дейін ақша жайлап ауады дегеннен бастап екі ортада антикор тексеріп, бағасы неге көтеріңкі деп тоқтатып тастады. Екі орта келісіп, жағдайы шешілейін дегенде ақшамызды қиып тастап жатыр. 74 млн ақша артық жұмсап жатсыздар. Бюджетті үнемдеу мақсатында деп айтылып тұр.
Талшын ДҮЙСЕНОВА, Жылыой ауданының тұрғыны
ЖКХ-ның бастығы Мереке деген 1 парақ қағазды көрсетті. 2млн 800 1 бөлмеге, 2 бөлмеге 4млн жарым деген тұрды. Сосын мен айқай шығардым. Қалай айқай шығармаймын. Ол үйге мысық бетін көрсетпейді дедім. 2 бөлмеге Құлсарыда үй таба алмайсың. Өтірік әңгімемен біз шаршадық. Жеме-жемге келгенде қалаған жеріңнен алыңдар деді. Бізде салынып жатқан үй жоқ. Құлсарыда басы не аяғы жоқ, қаңқасы қисайған үйлер.
Тұрғындардың айтуынша, Жылыойда жаңа салынған үйлер жоқтың қасы. Олардың құны 7-8млн-ға жуықтаса, қалған ескі үйлердің өзі 5 млн теңгенің шамасында. Әкімдіктегілер ашынған халыққа басу айтып, қабылдауға шақырды. Алайда белгісіз себептермен журналистерді кіргізгісі келмеді. Шындық іздеп шырылдаған ел тілшідердің де өздерімен бірге кіруін талап етті.
Бұқара халықтың талабы жерде қалмады. Біз кірген бетте-ақ тұрғындарды облыс әкімінің қос орынбасары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілі қабылдады.
Жәнібек ҚАРАЖАНОВ, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің АОД басқарма басшысы
Осы хаттың негізінде Жылыой аудандық әкімдігінің ТКШ бөлімі аталған мемлекеттік сатып алуды өткізуден бас тартты. Әкімдік біздің хатымызды елемей, жалғастыруына да құқығы бар. Бірақ, мемлекеттік сатып алудың өзінің рәсімдеріне сәйкес жүргізіледі.
Түптеп келгенде, жауаптылар заң аясында мәселені шешеміз деп уәдені үйіп төкті. Нақтырақ айтқанда, нарықтағы баға мен өтемақы өтеп беруді қарастырып отыр. Қазір екі тарап арасында келіссөз жүргізілуде.
Малика Такежанова