Атырау, Caspian Life. Мектеп пен өзге оқу орындары шәкірттермен толыға бастады. Бұл Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде жүзеге асты.
Нақтырақ айтқанда, 5 сынып пен 9-11 бітіруші кластар енді білімді офлайн алады. Сонымен қатар, халықаралық мектепте тәлім алатын 7 сынып оқушылары да негізгі пәндерді білім ордасында оқиды.
Оған қоса, сабақтан тыс уақытта 5 оқушыдан аспайтын топтарда қосымша сабақ өткізуге рұқсат етілді. Түсірілім тобы табан тіреген №30 мектеп-гимназиясының оқушыларының жүзінен ерекше қуаныш байқалады. Себебі, шәкірттер өз сыныптастарымен қоса, ұстаздарымен қауышқанына дән риза.
Әбдірахман ТӨЛЕГЕН, 9-сынып оқушысы
Бүгіннен бастап біз офлайн оқитын болдық. Яғни, күнде өзіміздің достарымызбен сыныптастарымызбен оқитын боламыз.Мен оларды көріп қатты қуанып қалдым. Себебі, достарыммен бірге оқыған әлдеқайда тиімдірек деп санаймын. Біз биыл тоғыз бітіреміз. Яғни, сынақ тапсырамыз. Сондықтан офлайн оқыған формат бізге тиімдірек деп ойлаймын.
Жалпы, облыс бойынша бүгіннен бастап 25000-ға жуық оқушы ұстаздарымен бетпе-бет жүздесті. Олар үшін арнайы сабақ кестесі жасақталған.Себебі, шәкірттер пәндердің 70 пайызын мектепте, қалған 30 пайызын қашықтан оқиды. Ережеге сәйкес әр сыныпта оқушы саны 15-тен аспау қажет.
Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары
9,11 сыныптардың 70 пайыз пәні дәстүрлі форматта мектепте, 30 пайызы қашықтықтан оқыту жүйесін сақтай отырып жүзеге асырылатын болады.Бүгінгі күні Атырау облысының барлық білім беру ұйымдарында мынау әсіресе мектеп бітіруші түлектердің қорытынды аттестацияуға, ұлттық тестілеуге дайындау мақсатында арнайы сабақ кестелері жасақталып, сабақтар басталып кетті.
Басшылықтың сөзінше, оқушылар тек ата-аналардың өтініштері негізінде кезекші сыныпта білім алады. Бірақ, қамқоршылардың барлығы бірдей өз баласын мектепке жіберуге келісе бермейтін көрінеді. Ал бас санитар дәрігер мектепте талаптардың қатаң сақталу керектігін айтады.
Мәдениет ТАНАУОВ, Атырау облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері
Айтып кететін жағдай санитарлық-дезинфекциялық режим қатаң сақталу керек. Ол біріншіден, балаларымыз, студенттеріміз сабаққа келген кезде фильтр дейміз, содан өткізуіміз керек. Температурасын өлшеп, сабаққа жіберу тәсілі. Содан кейін дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуі және де желдету жүргізілуі, бетперде тағуын қадағалау, 3 сағат сайын ауыстыруды ұмытпау және де бұл жерде 2-3 сағат сайын влажный уборка дейміз, тазаланып тұруы керек.
Айта кетейік, бүгіннен бастап колледж бен ЖОО-ның 1-курс студенттері де аралас оқу форматына көшті.