Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында елдің жағасын ұстатқан оқиға болды: 35 жастағы әйел өзінің жүкті екенін жасырып, ал босанған соң сәбиді қоқыс жәшігіне тастаған. Бұл оқиғаны облыстық Денсаулық сақтау басқармасы растады.
Аудандық дәрігерлердің айтуынша, әйел амбулаторлық есепке тұрмаған және айы-күні жеткенше ешкімге тіс жармаған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құдаманова әйелдің жағдайы нашарлаған соң ғана жедел жәрдем шақырғанын айтты.
35 жастағы әйел әуелі босанғанын мойындамаған, ол аборт жасағанын, сондықтан қан кетіп жатыр деп түсіндірген.
«Жүкті әйел амбулаторлық есепке тұрмаған. Ол өзінің аяғы ауыр екенін жасырып, учаскелік дәрігерге көрінбеген. Аудандық медициналық ұйымдардың акушер-гинекологтары пандемияға байланысты жүкті әйелдермен онлайн форматында жұмыс істейді», — деді Айгүл Құдаманова.
Бұған дейін өңірлік БАҚ әйелдің тұрмыста және төрт баласы бар екенін хабарлаған болатын.
Қазіргі уақытта Қызылқоға аудынанда 434 жүкті әйел есепте тұр. Жыл басынан бері 44 нәресте дүниеге келген. Олардың барлығына жалғыз емханада медициналық жәрдем көрсетіледі.