ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов вакцина салдырды және егуден кейінгі хал-жағдайын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
«Ешқандай қолайсыздық сезіп тұрған жоқпын. Ең алдымен вакцина алатын адамды дәрігер тексереді, анамнез алынады. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тексеріледі. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек», — деді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, барлық кезеңде барлық жауапкершілік емдеу мекемелеріне жүктеледі. «Барлық жауапкершілік ортақ болады. Әрине, денсаулық сақтау министрлігі әр жағдайды дербес қарастырады. Әрбір өңірлік денсаулық сақтау басқармасының жанынан айрықша реакция секілді жағдайларды тексеретін арнайы комиссиялар құрылады», — деп түсіндірді бас санитар дәрігер.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады. Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/kazakstannyn-bas-sanitary-vakcina-algannan-keyingi-hal-zhagdayyn-aytty_a3747632