Атырау, Caspian News. Қала орталығынан элиталы тұрғын үйден арзанға пәтер алып беремін деп уәде еткен әйелге алданған жұрт қалалық прокуратураның алдына жиналды.
Арбауға түскендер 5млн-нан 20млн-ға дейін қаражатты айлакерге өз қолдарымен берген. Тіпті, өздері тұрып жатқан баспанасын сатып, сан соғып қалғандар да бар. Енді олар несиелерінен тез құтылу үшін, істің жылдам жүруін талап етуде.
Гүлнар ҚУАНЫШЕВА, Атырау қаласының тұрғыны
2019-дың сәуірінде тоғыз миллион жеті жүз салдым. «Грант Атырау» деген осы үйді аласыз» деді. Содан кейін қолхат жазып берді маған. Осы күнге дейін сеніп келдім, далаға қалдырмаймын деген. 2020 ақпанында далада қалдым.
Есен ҚАДИЕВ, Атырау қаласының тұрғыны
Менің өзім сегіз миллон салдым. Бізге жаңа элиталық үйден екі комнаталы пәтер көрсетті. Сегіз миллион жарымға алып берем деп. Сонымен күнде ертеңмен шаруа бітпей тұр. Мен сегіз миллионды несиеге алдым. Оны маған бір адамдар айтып, таныстырды.
Шу көтерген халық алаяқтың қақпанына түскенін тек бір жылдан кейін білген. Зардап шеккен жиырма екі адам Айбарша есімді келіншекке 180 млн теңге көлемінде ақша бергенін айтып отыр. Тоғыз ай бұрын құзырлы органдарға шағымданып, қылмыстық іс қозғалғанмен, сотқа жәбірленуші тарап шақырылмапты.
Күдіктіге де қоңырау шалып көргенімізде, ол «Бәрі өтірік, мен ешкімнен ақша алмадым» деп жауап қатты. Ал қалалық прокуратурадағылар қылмыстық процестік кодекстің 323 бабымен, яғни соттың істі прокурорға жіберуі бойынша қайта қаралып жатқанын айтты. Нақтырақ айтқанда бұл жағдайға басқа да адамдардың қатысы бар екенін жеткізді.
Аршат ТАЙТУЛЛИН, Атырау қаласының прокуроры
Алаяқтықпен алты эпизод бойынша қылмыстық іс қозғалып, өзінің ретімен сотқа жолданған. Бүгінгі күні сот қылмыстық процессуалдық кодекстің 323 бабымен кері қайтарылды. Қазір тергеу сатысында. Жақын арада сотқа жолдайтын боламыз.
Прокурор тергеу 1 айдың ішінде аяқталады деп сендірді. Ал жәбірленушілер бұл бір емес, бірнеше адамның қатысуымен жасалып отырған әрекет екеніне сенімді.
Малика Такежанова