Мәжілісмен елде жұмыссыз жастар мәселесі өткір тұрғанда, зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен көтеру ақылға сыймайтынын айтты
Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракция депутаттары ерлер мен әйелдер үшін зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуді ұсынды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Депутат Александр Милютиннің ойынша, қазіргі зейнетақы жүйесі түбегейлі өзгертуді қажет етеді.
«Қазақстандықтардың көбінде жалақы аз болғандықтан, зейнетақы жинағы жеткілікті емес. Сол себепті біздің партия бұған дейінгі ынтымақты зейнетақы жүйесіне қайта оралуды ұсынады. Біздің басты ұсынысымыз – еңбек жағдайларының қиындығына байланысты азаматтардың зейнетке шығу жасын қайта қарастыру. Зейнетке шығу жасын азаматтың жынысына қарамастан 60 жасқа дейін төмендету қажет «, — деді ол премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында.
Мәжілісмен елде жұмыссыз жастар мәселесі өткір тұрғанда, зейнетке шығу жасын кезең-кезеңмен көтеру ақылға сыймайтынын айтты.
Сондай-ақ, Милютиннің пікірінше, ең төменгі базалық зейнетақы жыл сайынғы түзетумен орташа жалақыға тең болуы тиіс.
«Қазақстан халық партиясы үкіметтен болашақ зейнеткерлер үшін қаржылық «қауіпсіздік жастығын» қалыптастыруға арналған тетіктер тізімін кеңейтуді талап ететін болады», — деді депутат.
Оның айтуынша, зейнетақыны жыл сайын индексациялау кезінде тек номиналды инфляцияны ғана емес, нақты тұтыну бағасының өсу индексін, сондай-ақ, жалақы өсімі индексін де ескеру қажет.
Милютин карантиндік шектеу шараларынан елде жұмыссыздық деңгейі өсіп жатқанына алаңдады.
Бұдан бөлек, жұмыс істейтіндердің зейнетақы, міндетті медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйелерінен шығып қалу қатері күшеюде.
БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарнасы бойынша зейнетақы жинақтары 5 жыл ішінде алғаш рет төмендеген.
2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша ол 11 триллион 405 миллиард теңге, ал 2020 жылдың 1 маусымына қарай 11 триллион 388 млрд теңгеге дейін, яғни 17 миллиард теңгеге қысқарды.