Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі елдің құзыретті органы ретінде көмірсутектерге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша электрондық аукцион өткізетіндігі туралы хабарлайды. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша аукцион электрондық аукциондар операторының www.gosreestr.kz веб-сайтында өткізіледі.
ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аукционды өткізу күні 23 сәуірге белгіленген. Бұл ретте аукцион Нұр-сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 10:00-ден 17:00-ге дейінгі кезеңде өткізіледі және аукцион астана уақыты бойынша сағат 11:00-ден кешіктірілмей басталады. Аукционға қатысуға өтініштерді беру мерзімі 25 наурызға дейін, электрондық аукциондар операторының www.gosreestr.kz сайтында жүргізіледі.
Аукционға қатысу үшін жарна мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) немесе құзыретті органның аукцион өткізу туралы хабарламаны жариялау сәтіне белгіленген 291 700 теңгеге (2021 ж. 1 АЕК — 2 917 теңге) тең.
Аукционға қатысу үшін төлем көмірсутектерге жер қойнауын пайдалану құқығын беру үшін электрондық аукциондар операторына төленеді және қайтарылмайды («Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 95-бабының 6-тармағы). Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған ақпаратта алдағы сәуір айында аукционға 15 лот шығарылатыны көрсетілген.
Оның ішінде, сауда-саттыққа көмірсутектерді барлау және өндіру құқықтары қойылатын болады:
— Атырау облысындағы «Биікжал» кен орнында 12,49 км2 аумақта бөлінген контур бойымен (қол қою бонусының бастапқы мөлшері — 42 611 960 теңге)
— Атырау облысындағы «Оңтүстік Қасқырбұлақ» кен орнында 31,82 км2 аумақта бөлінген контур бойымен (қол қою бонусының бастапқы мөлшері — 29 170 000 теңге)
— 38 блоктан тұратын Атырау облысындағы «Прибрежное» учаскесінде (қол қою бонусының бастапқы мөлшері — 8 751 000 теңге).