Кәсіпкер әйел әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген 16,8 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған
Атырау қаласында медициналық сақтандыру қорынан ақша ұрлаған әйелге қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
«Кәсіпкер әйел қызмет бабын пайдалана отырып, Атырау облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына бөлінген 16,8 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған», — делінген ресми хабарламада.
Ол ақша тегін медициналық қызметтерді көрсетуге арналған болатын. Қылмыстық кодекстің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. Ал Атырау облысының сот сараптамасы институты залалдың көлемін растады. Бірақ кәсіпкер әйел жымқырған ақшасын қайтарған жоқ. Осыған байланысты оның мүлкіне бұғау салынды.
Атырау қалалық №2 сотының үкімімен ол кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, оған бес жыл бойы медициналық мекемелер мен денсаулық сақтау ұйымдарында басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынып отыр.