Маңғыстауда динозавр пішініндегі әшекей бұйым 3 айлық баланың аңқасында (мұрын қуысы мен жұртқыншақтың қосылған тұсы) кептеліп қалды. Қауіпті зат дәрігерлер көмегімен сәтті алынды. Бұл туралы Lada.kz хабарлайды.
Бүлдіршін Жаңаөзен қаласынан облыс орталығына шұғыл жеткізілген. Себебі, жергілікті қалалық аурухана дәрігерлерінің әрекеттері нәтижесіз болған.
Ал Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігері Қазбек Шүкіров балаға наркоз беру арқылы әшекей бұйымды нәрестенің аңқасынан эндоскопиялық әдіспен шығарды.
«Бақытымызға орай, бала аман қалды. Егер ол затты тереңірек жұтып қойғанда оның зардабы қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін еді», – дейді дәрігер.
Ата-анасының айтуынша, сәбидің аузына әшекей бұйымды екі жас үлкен бауыры салған көрінеді.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері жеті жасар баланың асқазанынан жиналып қалған шаш жентегін алған болатын.