Атырау, Caspian Life.
Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында бүйрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан науқастарға арнап гемодиализ орталығы ашылды.
Жалпы, аталған қызмет түрі халықтың сұрауымен 2017 жылы жергілікті аурухана ғимаратының ішінде көрсетіле бастап, көп ұзамай белгілі бір себептерге байланысты өз жұмысын тоқтатқан еді. Енді медициналық орталық халықаралық компания иелігіне өтіп, мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында қызметін қайта жандандырды. Бұл, әрине, тұрғылықты тұғындар үшін жаңа жыл басындағы жағымды жаңалықтардың бірі боп отыр.
Бұрын науқастар емін үзбей алу үшін аптасына үш рет Атырау қаласына қатынап тұруға мәжбүр еді. Қос бүйрегі жарамсыз деп танылған жандарға бұл жағдай аса қиындық тудыратын. Әрі облыс орталығында жекеменшік баспанасы жоқ жылыой халқы пәтер жалдап, жүйкеге қосымша жүк түсіріп қайтатын. Сондай жандардың бірі – Жұмагүл Бектерова. Ол гемодиализ орталығының үй маңынан ашылғанына қуанышты екенін айтып, енді бастан кешірген азапты шақтарымды өткен уақыттың еншісіне қалдыратын кез жетті дейді.
Қазіргі таңда гемодиализ орталығында 2 дәрігер, 4 медбике және басқа да санаулы мамандар халыққа тиімді қызмет көрсетуде. Емдеу шараларынан бастап, дәрі-дәрмекке дейін тегін. Науқастарды үйінен алып кетіп, ем аяқталған соң тиісті мекенжайға жеткізіп тастайтын арнайы көлік те бар. Сондай-ақ, келушілерді бір мезгіл құнарлы, диеталық тағамдармен де қамтамасыз ету қарастырылған. Бүгінде орталықта жиырмаға жуық науқас жоғары сапада ем алып жүр.