Атырау, Caspian Life.
Балаға жақсы ат қою – бағзыдан қалған дәстүр, бабадан жеткен міндет. Дегенмен қазіргі жас ата-аналар мән-мағынасына үңілмей жатып, көңіліне ұнаған көп сериалдағы кейіпкердің есімін өз сәбиіне беретін болған.
Оған мысал ретінде Арафат, Эльвина, Шадэ, Сулейман, Осман, Зерда, Эйлюл, Лале секілділерді айта аламыз. Нәрестелердің ішінде нағыз қазақ есімін жамылғандар да бар. Олар: Нұрзерек, Зерделім, Айзиба, Айзия.
Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміндегі мәліметке сүйенсек, былтыр ұлдардан Ибраһим, Әлихан, Нұрислам, Ахмад, Амир есімдері топ бестікте болса, қыз балалардан Айлин, Айша, Раяна, Медина, Аяла – ең көп қойылған аттар.
АХАТ бөліміндегі ақпаратта Абдурахман, Ибраһим, Рахман, Абдолла, Ислам, Раяна, Мәриям секілді мұсылманша есімдердің көбейгені байқалады. Ал өткен жылы атаулы даталарға орай есімдер қойылмаған. Нақтырақ айтқанда, Марта, Мартагүл, Мая, Майра, Жеңіс, Жеңісбек деген аттар мүлде тіркелмепті.
Алмагүл ТӨРЕМҰРАТОВА, Атырау қалалық АХАТ сектор меңгерушісі
Біздегі мәліметтерден байқағанымыздай, ата-аналар арасында нәрестенің есімін қою кезінде пікірі өзгере бастады. Бұрынғы кездегідей, Наурыз, Наурызбек, Азат, Наурызгүл есімдері қойылмайды. Былтырғы жылдың мәліметіне сәйкес, мұндай аттар мүлде кездеспейді. Қазір керісінше, мұсылманша ат қою көбейген. Құрандағы есімдерді қою арқылы саналы, салиқалы ұрпақ болғанын қалайды деп ойлаймын.
Ал Қазақстандағы көрсеткіштерге көз салсақ, ер балаларға ең көп қойылған есімдердің үштігіне Әлихан, Айсұлтан, Нұрислам енеді. Қыздар арасында Медина, Айлин, Раяна көш бастап тұр.
Былтыр Қазақстанда жаңа туған сәбидің саны бойынша 33 жылдан бері келе жатқан рекордтың мұрты бұзылды. 1987 жылы 417 мың бала өмірге келсе, 2020 жылы ол көрсеткіш 4мыңға көбейген. Ал бэйби-бум болған мезгілдің үштігіне 2019 жыл да кіреді. Яғни, екі жыл бұрын республика көлемінде 403 мың сәбидің іңгәсі естілген.
Малика Такежанова