Бүгін Ақтаудағы Ана мен бала орталығының ұжымы төртем мен оның анасын салтанатты түрде үйлеріне шығарып салды, деп хабарлайды Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы.
Ақтау қаласының тұрғыны Самира Гасанова 2020 жылдың 15-ші желтоқсан күні босанған болатын. Жүктілік кезеңі ауыр болғандықтан дәрігерлер әйелді жүктіліктің 30-шы аптасында операция жасап, босандырып алған. 1 ұл мен 3 қыз дүниеге келді. 25 жастағы келіншек осылайша бірден көпбалалы ана атанды. Сәбилер отбасының тұңғыштары.
«Қуанышымды жасыра алмай тұрмын. Ата-анамыздың төбесі көкке жеткендей болды. Балаларымның аман-есен жарық дүниеге келуіне себепші болған дәрігерлерге отбасымның атынан алғысымды білдіремін», — деді Самира Гасанова.
Төртемдердің бірі 1 келі 390 гр болса, ең кішісінің салмағы 1 келі 190гр салмақта туылды. Шақалақтар күш жинағанша 36 күн бойы перинаталдық орталық дәрігерлерінің жіті бақылауында болды. Анасының да, балаларының да денсаулығы жақсы, дейді дәрігерлер. Ата-анасы нәрестелерге Расул, Фанара, Айла мен Нарин есімдерін берген.
«Былтыр біздің орталықта 8610 бала жарық дүние есігін ашты. Оның ішінде 2 үшем мен 147 егіз бала дүниеге келген», — деді Маңғыстау облыстық Ана перинаталдық орталығының дәрігер неанотологы Тойдық Жұмағамбетова.
Маңғыстау облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша соңғы 3 жыл бойы көш басында келеді. Былтыр аймақта 21753 сәби дүниеге келген.