Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының аумағында 21 қаңтардан карантиндік шаралар қатаңдатылады. Тиісті қаулыға қол қойылды. Бұл туралы Sputnik Kazakhstan хабарлайды.
Қала аумағында ойын-сауық, спорттық іс-шаралар, көрме, форум, конференция, концерттер, сондай-ақ отбасылық (банкет, үйлену тойы, мерейтой), еске алу шараларын, оның ішінде үйде және адамдар көп жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге сол күйі тыйым салынған.
Сондай-ақ, жаңа қаулыға сәйкес, жабық азық-түлік емес және азық-түлік базарлары жексенбі күндері жұмысын тоқтатады. Даладағы базарлар да жексенбі күндері жұмыс істемейді.
Сауда үйлері мен орталықтары (павильондар, бутиктер) жексенбі күндері жабылады, бірақ олардың ішінде орналасқан азық-түлік супермаркеттері мен дәріханалар, сұлулық салондары, химиялық тазарту жұмыс істей береді.
Қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс кестесі 9:00-ден 20.00-ге дейін белгіленіп отыр.
Тамақты алып кету және жеткізу қызметін көрсететін қоғамдық тамақтану нысандары сағат 9:00-ден 23:00-ге дейін ашық болады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің кемінде 80%-ін «қашықтан жұмыс» форматына ауыстыруы тиіс.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, сенбі сағат 09:00-ден 14:00-ге дейін істейді. Карантиндік шараларды сақтау үшін ХҚКО-ға Egov.kz, EgovKZBot телеграм бот арқылы кезекті алдын ала брондау арқылы бару ұсынылады.
Қаулы 2021 жылдың 21 қаңтарынан бастап заңды күшіне енеді.