Атырау облыстық перинаталдық орталығының бұрынғы басшысы Қуаныш Нысанбаев жаңа туған нәрестені өлтірді деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, 2019 жылдың қыркүйегінде Атырауда жаңа туған нәрестені мұздатқышқа тірідей салуға бұйырды деген күдікке ілінген бас дәрігер мен оның қарамағындағы 4 қызметкер, яғни акушер-гинеколог Асқар Қайыржан және акушер-медбике Жамиля Құлбатырова кәмелетке толмаған баланы қастандықпен өлтірді деп айыпталса, неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабаеваға қылмыс туралы хабарламағаны үшін жаза тағайындалды. Тергеу барысында жаңа туған нәрестенің денесінен өмір сүру белгілері байқалса да, дәрігерлер оны өлі туған деп есепке алған. Сәйкесінше, ақхалаттылар тиісті құжаттарды қайта рәсімдемеген.
Сот үкіміне сәйкес, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан 16 жылға, акушер-медбике Жамиля Құлбатырова 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екі неонатолог дәрігерге үш-үш жылдан темір торда отыру жазасы берілді.
Айта кету керек, перинаталдық орталықтың экс басшысы Қуаныш Нысанбаев Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодекстің адам өлтіру, қылмысқа қатысу және оны хабарламау, бөтен мүлікті иемдену, бюджет қаржысын талан-таражға салу, пара беру, пара алу, қызмет бабын асыра пайдалану сияқты бірден 8 бап бойынша айыпталды.
Малика Такежанова