Гүлмира Қарасай қазіргі таңда үш қазақтың екеуінде 2-3 миллион аралығында несиесі бар деген статистика келтірді. Кредиттің не екенін білмей алатындар да кездеседі екен.
«Осыны саралай келе адамдарың қаржы сауаты дүкеннен тауар сатып алып, оған төлеген ақшасының қайтарымын алумен шектеліп отыр. Оны мойындау керек, себебі менің де басымнан өтті. Заңгер бола тұра мен де қарызға кірген кездерім болды», — дейді ол.
Заңгердің айтуынша, ақшаны басқара алмай, қарызға кіру — қаржы сауатының болмауынан.
«Қазір жастардың көбі тек ақша табуды ойлайды. Жалақы түссе бірден кредит төлеу керек дейді. Біз рухани және материалдық тұрғыдан бірге дамып жатқан жоқпыз. Көбіне мәжбүрлі түре материалдық жағына мойынсұнып кеттік. Неліктен? Себебі бізде қаржы сауаты болмады. Содан өз ақшамызды басқара алмай, қарызға кірдік. Көбіне алған қарызымызды жабуды ойлаймыз. Жан тыныштығы, саяхаттауды ұмыттық», — дейді ол.
Сурет: elements.envato.com
«Балаға ақша жұмсап үйрету керек»
Гүлмира Қарасай мектеп бағдарламасына қаржы сауаты пәнін қосу керегін айтты. Ол болмаған жағдайдың өзінде сауатты ашу — әр үйден бастау алу керек. Маманның айтуынша, балаға ақша жұмсап үйрету — әдемі жазуды үйретумен бірдей. Жай сөзбен айтып емес, іс жүзінде көрсеткенде ғана меңгереді.
«Балаларды қаржы сауатына үйрететін қосымша ұйымдар бар, бірақ оған әркімнің қалтасы көтере бермейді. Сондықтан жоқ дегенде үйден бастау керек. Бұрындары балаға ақша бермейтін, «ақша жаман», «ақша ұстауға болмайды», «ой ақшаны қайтесің» дейтін. Ақшаға жаман үйретпе деген түсініктер қалыптасқан. Керісінше балаға ақша беру керек. Бала ақшаны үнемдеп, жұмсап үйренуі тиіс. Бір нәрсені алғанда бұл маған қажет пе, жоқ па деп ойлануы керек. Сонда есейе келе, алғаш ақша таба бастағанда өз қаражатын дұрыс басқара алады. Ақшаны үнемде дегеннен ақыл қонбайды, балаға ақшаны беру керек», — деді заңгер.
«Қаржы сауаты шығыс пен кірісті жазудан басталады»
Гүлмира Қарасай шығыс пен кірісті жазу — әліппедегі «А» әрпі сияқты, дейді.
«Күнделікті шығыс пен кірісті жазу керек. Тым болмағанда шығысты жазып отысақ, айдың соңында неге қанша теңге кетіп жатқанын көреміз.
Ақша жетпейді дегенді көп естиміз, «былай тартсаң да, былай тартсаң да жетпейді» дейді адамдар. Алайда оны ары-бері тартқаннан бұрын «Осы айда мен неге көп ақша жұмсадым? Келесі ай мынаған жеткізу үшін қай жерде үнемдеуім керек?» деген сұрақтарға жауап беру керек. Осының барлығын жазулы түрде көрмейтін болсаңыз, шашыраңқы оймен қаржылық сауатқа жетпейміз», — деді маман.
Үйдегі заттарды «актив — пассивке» бөлу — тәжірибе
Қаржы істері жөнендегі заңгер қарапайым тәжірибе жасауды ұсынды. Ол үшін үйдегі заттарды актив — пассивке бөліп қағазға жазу керек. Кейін пассивті сатып жіберген абзал.
«Ақ парақты екіге бөліп «актив — пассив» деп жазыңыз. Үйде қолданылатын, пайда әкеліп тұрған заттарды активке жазамыз. Мысалы тоңазытқыш, ол сүт, етіміз ашып кетпес үшін керек. Ал енді теледидарды ойланыңыз, ол актив пе әлде пассив пе. Мүмкін ол пассив болып тек уақытыңызды алатын шығар. Ал пассивке — қолданылмай тұрған, қажет емес пайдасыз заттарды жазамыз. Кез келген үйде пассив бар, оны жүз пайыз сеніммен айта аламын. Кейін оларды сатып жіберіңіз, ол ақшаға айналады. Шығысты басқару керек», — дейді ол.
Ақшаны эмоциямен жұмсамаудың тәсілі
Ақшаны керек емес жерге жұмсап, көзқызарлықпен артық нәрсе алып қоятын жағдайлар болады. Осындайда Гүлмира Қарасай мынандай тәсілді қолдануды ұсынды.
«Бір затты қатты алғыңыз келіп тұр, бірақ ақша жетпейді, баланың қосымшасын төлеу керек делік. Бірақ сіз атып алу үшін құрбыңыздан қарыз немесе несие ала алсыз. Осындайда бір тәсіл өзіме жақсы көмектеседі. Алдымен сол затты, бағасын жазып, кейін бір апта ойланыңыз. Сол уақытта оны бәрібір алғыңыз келіп тұрса, екінші сұрақ туындауы тиіс, «Ол маған қанша уақыт қызмет етеді?» «Бұл мен үшін керек пе әлде өзгелерге мақтану үшін бе?» Бұл эмоцияға берілмей әсіресе әйел адамдарға ақшаны бекер шашпауға көмектеседі», — дейді қаржы істері жөнендегі маман.
Яғни эмоцияны басқарып, артық шығын жасамаған кезде, шығыс деген бөлім, ақшамыз бақылауда болады. Маманның айтуынша, сонда ғана қажет деген дүниелерді сатып алады екенбіз.
Ақшаны басқарудың формуласы
Гүлмира Қарасайдың айтуынша, қолдағы ақшаны жоспарлау керек.
«Ақшаны басқарудың өз формуласы бар. Ақша түскенде қолда оны басқарудың алдын ала «картасы» болу керек. Бір жалақыны 100 пайыз десек, оның 10 пайызын әр балаға жұмсау керек. Балалардың несібесін ұмытпаңыздар. Биге, спортқа, ағылшнға қатысқысы келсе, жіберіңіз. Кейін азық-түлікке, көлікке қанша пайыз кететінін есептеген жөн. Қаржы сауатының заңы бойынша, қарыз кірістің 20 пайызынан артық болмауы керек. Ал одан артық болған жағдайда дабыл қағып, қосымша жұмыс іздеу керек. Сондықтан кредитті оңды-солды алмай, формула сызған дұрыс. Бұл формула үйдегі адамдар мен олардың табатын ақшасына қарай әркімде әркелкі», — деп түсіндірді заңгер.
Сондай-ақ, табыстың 10 пайызын жинап отырған жөн. Маман кем дегенде 3 пайыздан бастау керегін айтты.
Маманның айтуынша, қарыз — біз лайық емес, шамаң жетпеген заттарды алғымыз келгеннен болады.
«Сен көлікке қызығып тұрсың, алғың келеді, бірақ сен оған ақша жинамадың. Оны кейін қарызға, кредитке алдың. Жинасаң сатып алатын еді. Лайық болсаң біреу сыйлай салушы да еді», — деп мысал келтірді маман.
Осы айтылған төрт амалды қолдана бастағанда, ақшаға деген көзқарас өзгереді, кредитті ойламай, өзіңізге сенімді отырасыз, дейді қаржы істері жөнендегі заңгер.
ТОП-5 кітап
Гүлмира Қарасай қаржы сауатын арттыру үшін мына кітаптарды оқуға кеңес берді:
- «Вавилондағы ең бай адам» — Джордж Клейсон
- «Думай и богатей!» — Наполеон Хилл
- «Квадрант денежного потока» — Роберт Кийосаки
- «Финансы триллионера» — Шамиль Аляутдинов
- «Деньги под контролем» — Шамиль Аляутдинов