Атырау, Caspian Life. Базардағы жұмыртқа бағасы қалтаны қағып тұр. Нақтырақ айтқанда, жаңа жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар деп танылған қант,күнбағыс майы, картоп пен жұмыртқа қымбаттай түскен. Желтоқсан айында тауық жұмыртқасының бір данасы 30-35 теңге болса, 2021 жылдан бастап көтерме дүкендердің өзінде 48 теңгеден саудалануда.
Тіпті, кейбір азық-түлік дүкендерінде 55 теңгеге дейін барады.Жеке кәсіпкерлердің бар айтары, жеткізушілердің бағасына бар болғаны 1 теңге қосады-мыс. Осыған байланысты халық та күнделікті тұтынатын тамақтардың құны күннен-күнге артып жатқанын айтады.
Жалпы статистикаға сүйенсек, қала халқын жыл бойы қамтуға 94 млн-нан астам жұмыртқа керек. Дегенмен, бұл қажеттіліктің орнын толтыру «Алмалықұс» фабрикасының қолынан келмейді. Аталған мекеме халықтың 40 процентін өніммен қамтамасыз еткенмен, қалған 60 пайызы өзге қалалардағы өндіріс орындарына тәуелді болып тұр.
Нақтырақ айтқанда, санаулы кәсіпкер Орал, Ақтөбе, Қостанай қалаларындағы құс фабрикасынан санаулы кәсіпкерлер жұмыртқа тасымалдаумен айналысады. Міне, тасымалдың азаюы себепті, бүгінде шаһарда жұмыртқа тапшылығы айтарлықтай сезілуде.Тіпті, кейбір базар мен супермаркет сөрелерінде жоқтың қасы.
Алтынай ЕРУБАЕВА, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары
Жұмыртқа өнімінің бағасының көтерілуіне басты себеп — ол жем бағасының көтерілуі. Екінші импорт, яғни импорттың қалаға кіру тапшылығы, үшінші Республика бойынша құс тұмауы. Көптеген фабрикалар жабылып, қазір оның өнімінің Атырауға келуі себепші болып отыр. Содан кейінгі қазіргі уақытта жұмыртқаға жыл сайын субсидия беріледі. Сол субсидия жылдың басында емес, тек қана 4-тоқсаннан бастап беріліп отыр. Сондықтан осы себептер жұмыртқаның өсуіне себепші болып отыр.
Жауаптылардың сөзінше қалада жақын күндері жұмыртқа тапшылығы азаяды. Себебі Ақтөбе, Орал қалаларынан жүк келмек. Бірақ одан кейін жұмыртқа бағасы арзандай ма, жоқ па ол да белгісіз. Өйткені, бүгінде жұмыртқаға деген сұраныс өзге қалаларда да байқалады.
НТ.АК.КН.