Ол үшін алғашқы қадамды дұрыс бастау керек екен. Сонда басқа қадамдар автоматты түрде жасалады.
Бақытсыздық, сәтсіздік, кедейлік, жардың жаман мінезі, ұл мен қыздың тәрбиесіздігі, дерт пен көңілсіздікке – әр адам өзі ғана кінәлі. Психолог мамандар адам өз-өзіне осыны мойындағаннан соң ғана өмірі өзгеруге бағыт табады дейді. Ал өзгені кінәлаған адамның өмірі ешқашан түзелмейді екен. Әрине түзеу, өзгеру, себеп-салдарды ұғып түсінудің бірінші қадамы – мойындау. Өзге емес, айыпты өзі екенін мойындағаннан кейін адам санасы екінші қадам сатысына өтеді.
Екінші қадам – себеп-салдарды жою. Бірақ әрекет еткенімен «Өмірім өзгермеді» деп шағымданатындар да бар. Психологтардың анықтауынша, олар бірден екінші қадамнан бастағандар екен. Егер сіздің де әрекетіңізден түк өнбей жатса, онда қай қадамнан бастағаныңызды және оның дұрыс-бұрыстығын тағы да бір рет саралап көріңіз.
Түсінікті болу үшін славян халқының даналығынан мысал келтірейік.
МЫСАЛ: Бұл ерте заманда болған оқиға. Сот төрешілері жұрттың шағымын қорытындылай келе, бір әйелді «мыстан» деп айыптап, орталық алаңда жұрт көзінше жазалайды. Жиналған адамның бәрі бұл әйелді жақсы танитын. Ол қолы да, сөзі де көпке ем болған емші еді. Оның ақыл-кеңесінің арқасында ауруынан айықққан, шайқалғалы тұрған шаңырағын түзеген, тіпті көрсеткен тура жолымен жүріп бақытқа кенелгендер де көп. Бірақ оны бақытсыздығына себепші деп санайтындар да бар. Сот төрешісі ортаға шығып: «Қалада болып жатқан барлық жамандықтың, ауру мен қайғы-қасіреттің себепшісі болған әйелдің жазасы ауыр. Өйткені бұл әйелдің магиясының кесірінен мынау ерлі-зайыпты ұрпақ сүйе алмай жүр. Ал бір кездері осы қаладағы ең сұлу болған қызға ешқандай еркек назар аудармай, тұрмысқа шыға алмады. Қане, ол – кінәлі емес деп жазасынан арашалап алатын адам бар ма?» — деп сұрайды. Жиналғандардың әрқайсысы өз қайғы-қасіретін айтып шулай түсті. Олар тек кінәлады. Төреші «Қуаңшылық пен жұт, егіс алқабынан өнім ала алмауымыз да осы әйелдің кесірі деп анықтадық. Бақытсыздықтан құтылу үшін, оның себепшісінен құтылайық» деп, әйелді өртейді. Әйелдің денесі күлге айналды. Арада біраз жыл өтеді. Қалада тұратын бір әділетті қарт жазықсыз әйелді айыптаған ерлі-зайыптының үйіне барады. «Себеп жойылғанына біраз жыл өтіпті. Балалы болдыңдар ма?» деп сұрайды. «Жоқ» деген жауапты естіген қария «Өйткені сендер өз айыптарыңды өзгелерден жасыру үшін басқаны кінәладыңдар. Сенің әке бола алмауыңа жас кезіңде сауық салып жүріп жұқтырған, аталық ұрығыңды шіріткен ауру кінәлі. Дертіңді асқынбай тұрғанда емдегеніңде әлдеқашан ұрпақты болар едің. Бірақ сен уақытты өзгені кінәлаумен өткізіп алдың» дейді. Сосын әйелді жалғыздығына айыптаған қызға келеді. Ол әлі жалғыз екен. «Сен өзгелердің бақытына қызғанышпен қарадың. Құрбыларыңа жамандық тіледің. Қаншама адамды бақытынан айырдың. Адамның ішкі ойы мен әрекеті сыртқы көрінісіне әсер етеді. Сенің лас ойларың, теріс ісің сұлулығыңнан жұрдай етті. Сыртқы сұлулығыңның тамыры үзілмей тұрғанды түзелуге тырысқаныңда бәрі де басқаша болар еді» деп, қателігін түсіндіреді.
Мысалда өз кінәсін мойындамайынша, адамның қателесе беретіні айтылады. Мәселесіне, бақытсыздығына өзгені айыптайтын адам өмірінің өзгеріс жолына түспейтіндігі айтылады.
Есте ұстаңыз: Өміріңізде болып жатқан қуаныштың да, қайғының да «анасы» – өзіңіз. Олар әрекеттеріңізден, ойыңыздан, ниетіңізден туған – өз «балаларыңыз». Бақытсыздыққа, мәселелеріңізге өзгені айыптауыңыз – өзіңіз туған баланы «менікі емес» дегенмен бірдей. Мәселені жоюдың, бақыт табудың бірінші қадамы – өзгені айыптап, өзін ақтауды доғару. Осы алғашқы қадамды дұрыс бастасаңыз, қалған қадамдар қатесіз жасалып, өміріңіз өздігінен дұрыстала бастайды.