Жаңаөзен қаласында бүтін бір көппәтерлі тұрғын үйде жылу жоқ. Соның кесірінен қарт кісілір мен балалар бүрсеңдеп, үйлерінде тоңып отыр. Солардың бірі – зейнеткер Тоқтагүл Исантұрлиева. Оның айтуынша, пана болатын түрі жоқ пәтерде мүгедек күйеуі және кішкентай немерелерімен амалсыз күн кешуде. Кезінде апатты үйден көшірілген әулет жалға берілген осы баспанаға қоныс аударғанда дәл осындай қиындыққа тап боламыз деп мүлде ойламапты .
Тоқтагүл ИСАНТҰРЛИЕВА, Жаңаөзен қаласының тұрғыны
Бұл үй әкімдік балансында. 2 жылдан бері бізде жылу жоқ. Біздер жылу арнасына төлеп отырмыз. Жылуға да, токқа да төлейміз. Әзірге тек пеш қосып отырмыз.
Нығмет БИМАНОВ , Жаңаөзен қаласының тұрғыны
Үй суық, балалар тоңады. Жылу жүйесіне айтсақ, ауа шығарып кетеді. Басталғалы жағдай осылай.
Бұл көпқабатты тұрғын үйде 20 пәтер бар. Барлығының мәселесі ортақ. Тозығы жеткен құбырлар мен радиаторлар тұрғындардың өз қаражаты есебінен ауыстырылған. Өздерінің айтуынша, жөндеу жұмыстарын пәтер иелері кооперативі орындаған. Алайда жағдай реттелмеді дейді. Ал «Өзенжылу» мекемесі құбырларды ауыстыруға енді ғана кірісетін сияқты.
Әділбек РУБИЛОВ, «Өзенжылу» МКК бас инженері
«Өзенжылу» мекемесінің бас инженері ретінде бірінші подъездің жер төлесінің тозығы жеткендігі мен жарамсыздығына байланысты жылу сапасы төмен болғандықтан, жоспарлы түрде жертөленің құбырын ауыстыруға кірісеміз.
Ал қала әкімінің айтуынша, шаhар жылу беру маусымына 98% дайын. Бірақ ол дәл қазір бүрсең қаққан елдің жағдайымен таныс болмаса керек. Шенеунік қалада мұндай мәселенің болуы мүмкін емес дегендей сыңай танытты.
Мақсат ИБАҒАРОВ, Жаңаөзен қаласының әкімі
«Өзенжылу» үйге дейін апарып беретін. Одан бізде мәселе жоқ. Қысқа дайын болдық. Үйдің ішкі коммуникациясына пәтер иелері кооперативі жауап береді. Барлық тұрғындапрдың жеке мүлкі. 95-98% шешіліп тұр.
Коммуналдық қызметі өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын Жаңаөзен қаласындағы 300-ден астам үй мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Шаһарда тұтынушылар санының күрт өсуін ескере отырып, жылу бөлетін стансаларда қосымша қазандықтарды жаңартып, аумақты кеңейту қажеттілігі бар екенін де жасырмады.