Атырау облысындағы балық кооперативінің бірі жұмысшыларға 25 млн.теңге берешек. Қызметінен қысқарған жүз адам жалақысын ала алмай жүр.
Екі айда тапқан табысы қолына тимеген балықшылар мекеме табалдырығын үш аптадан бері тоздырыпты. Бірақ басшылықтың берер жауабы біреу – компанияда ақша жоқ.
Мейрамбек ҚҰСАЙЫНОВ, жұмысшы
Екі айлық жалақымызды әлі ала алмай жүрміз. Бізге жұмысқа кірген кезде келісімшарт береміз деді, бірақ берген жоқ. Кеңседен кадр бөлімінің маманы келіп жүрді. Жұмыстан босатар кезде бізге ескерткен жоқ. Жұмыс қалай аяқталды, барлығымыздың жұмыстан қысқартылғанымызды айтты. Күндізгі бөлімдегі жиырма адам кетіп қалды.
«Амангелді» ЖШС әр жұмысшысына 250 мың теңгедей қарыз. Әбден ашуланған жұртты көрген мекеме директоры мән-жайды ашық түсіндіруге тырысты. Шетелге үш мың тонна балық экспорттайтын компания биыл пандемияның салдарынан шығынға шаш етектен батқанын айтады.
Сәбит САҒИДУЛЛИН, Амангелді ЖШС директорыБіз балықшы-жұмысшыларға жалақы бойынша қарызбыз. Осы жылғы күзгі маусым өте нашар болды. Пандемияның салдарынан балық та дұрыс болмады. Жайықта су жоқ. Біздер енді әдеттегідей жұмысшыларды жинадық. Бірақ балық болған жоқ. Күз кезінде көбірек аулайтын едік. Шетелдің бәрі жабық тұр. Ресей, Украина, Еуропа көп алатын еді.
Кәсіпорын басшысы қазір алты жүз миллионға бағаланатын зауыттарының бірін кепілдікке қойып, „Атырау“ әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясынан несие рәсімдеуде. Құжаттар дайын болған соң бірінші кезекте жүз жұмысшының жалақысын төлейміз деп сендірді.