Атыраулық құтқарушылар ерекше рейд ұйымдастырды. Каскадер жұқа мұздың үстімен келе жатып, суға түсіп кеткен жағдайда қандай шаралар қолдану керегін көрсетті. Бастысы – үрейге берілмеу қажет. Қос қолды шығарып, жақын маңайдағыларды көмекке шақырған абзал. Жақында Жайыққа түсіп кеткен шетелдіктің оқиғасы балықшыларға сабақ бола қоймаған сыңайлы. Қалалықтар қыстың қытымыр аязына қарамастан іске кірісіп кеткен. Биыл балық аз,- дейді олар.
Құтқарушылардың сөзінше, көп жағдайда балық аулаушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Тіпті, жаднамалар таратылып жатқан кезде де тыңдауға құлықсыздық танытып қалып жатты. Дегенмен алғыс білдіргендер де жоқ емес.
Арман СӘРСЕНБАЕВ, облыстық ТЖД құтқарушысы
Тұрғындарға ескертіп жатырмыз. Сонда да бізге құлақ аспайды. Шамамыз келгенше түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Атырау тұрғындарынан мұздың жұқа болуына байланысты бұл жерден өтпеуін сұраймыз.
Төтеншеліктер қала тұрғындарына ерекше сақ болуды ескертеді. Оның үстіне Атыраудағы қыс өзге өңірлерге қарағанда едәуір жылы. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережесіне сәйкес, мұздың қалыңдығы кем дегенде 10 см болуы тиіс. Ал біздегі қатқақтың қалыңдығы көп жерлерде оған жетпейді.