Жыл басынан бері атыраулық полицейлерге облыс тұрғындарының із-түзсіз жоғалуына байланысты 70 шақты өтініш түскен. Оның 50-ден астамының жүрген жері анықталып, жақындарымен қауышты.
Тәртіп сақшыларының сөзінше, бөлімшеге хабар-ошарсыз кеткендер бойынша келіп түсетін хабарлама көп. Ал жоғалғандардың басым бөлігі – ер азаматтар.
Әлібек БАҚЫТЖАНОВ, Атырау қалалық криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы
Көбіне ер адамдар жоғалады. Мысалы, биыл іздестірілген 69 тұлғаның 17-сі әйел адам болса, қалғаны – ер адам. Оның бәрі отбасылық жағдайға байланысты болады. Сонымен қатар, өздерінің қайда кеткені туралы ешкімге хабарламайды немесе жалғызбасты адамдар басқа жерге көшіп кетуі мүмкін. Бұдан бөлек, жеткіншектердің жоғалуы туралы хабарламалар күнде келіп түседі.
Кәмелет жасқа толмағандар жоғалған жағдайда жеке құрам максималды түрде жұмылдырылады. Ал іздеушінің мейілінше тез хабарласуы жоқшы полицейлердің жұмысына жәрдем болары анық.