Мәскеуде коронавирусқа қарсы тегін вакцинаға электронды жазылу басталды. Онда 70 егу орталығы ашылған.
Бірінші кезекте тәуекелдің негізгі тобында тұрғандар егіледі. Олар – қалалық, федералды, жеке медициналық ұйымдардың қызметкерлері және білім беру мен әлеуметтік қызмет мамандары. Алға қарай екпе Мәскеу тұрғындарының бәріне де қолжетімді болады. Бесінші желтоқсаннан бастап егу орталықтары таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыс істейтін болады. Вакцинациядан өту кезінде міндетті түрде төлқұжат, сақтандыру полисін және тиісті салада немесе ұйымда жұмыспен қамтылғандығын растайтын анықтама болуы керек. Екпеге алғашқы ресейлік «Спутник В» вакцинасы қолданылады. Препаратты жасаушылар оның тиімділігін 95 пайызға бағалап отыр.
Өндіріс көлемі жақын арада 2 миллион дозаға жетіп, ресейліктерді жаппай вакцинациялауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігінің хабарламасында айтылған.