Биыл Атырауда тек «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында қалада 368 жас уақытша жұмыспен қамтылған. Өткен жылғы көрсеткіш 500-ден асқан еді.
Жалпы, шаhарда жұмыссыз ретінде былтыр 4 100-ге жуық жас, ал осы жылдың басынан бері 2 500-ден астамы жұмыссыз ретінде тіркелген. Алайда жоғары оқу орындарында қашықтан білім алып жатқандар жоба аясында қызметке тұра алмайды екен.
Нариман СӘЛІМОВ, қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары
Егер студент болса, бәрібір қатыса алмайды. Себебі, студент жұмыссызға саналмайды. Студент студент болып қала береді, дерекқорын қараған кезде оқушы деп шығарып тұрады. Сол себепті, оларды қамту мүмкін болмай қалды. Енді оларға қойылатын арнайы шектеу жоқ. Бастысы, қолына диплом алғаннан кейін жұмыс жасамаса, оған қоса 29 жасқа толмаса, диплом алғаннан кейін 3 жыл көлемде жастар тәжірибесіне бір рет қатыса алады.
Дегенмен аталған бағдарлама шеңберінде былтыр 400-ден астам маман жұмыста тұрақтап қалса, биыл тек 230 маман берілген мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, қызметін жалғастырып кеткен. Түлектер жоғары және орта оқуды аяқтағаны жөнінде құжатты алғаннан кейін жұмыспен қамту орталықтарына жүгіне алады. Алдымен жұмыс іздеуші болып тіркеліп, он күннен соң ресми түрде жұмыссыз саналмақ.